Аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа, сондай-ақ жалған медициналық бұйымдар өндіріп, өткізуге күдікті Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген залал 4,5 млрд теңгеден асқан, деп хабарлады Қазақстан Бас прокуратурасы.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті мемлекеттік медициналық мекемелер үшін медициналық жабдық сатып алу тендерлерінде артықшылық алу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз иеленген. Ол Қазақстанда техника шығарылатыны туралы жалған мәлімет ұсынған, алайда мұнда іс жүзінде өндіріс болмаған. Шетелдік бөлшектерден құрастырылған жабдық мемлекеттік мекемелерге отандық өнім ретінде жеткізілген.
Кейін ер адам бой тасалап кеткен, оны халықаралық іздеуге жариялаған. 2026 жылғы наурызда ол Грузияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр. Оған тағылған әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Операцияға Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қатысты, оларға Қазақстанның Грузиядағы елшілігі көмектесті. Жыл басынан бері Грузиядан жеті адам экстрадицияланды, оның бесеуі мүлікті жымқырғаны үшін іздеуде болған.



