Мазмұнға өту

Астана әкімдігі үйірмелердегі Face ID не үшін керек екенін айтты

Әзірге Face ID елордадағы екі жеке ұйымда ғана жұмыс істеп тұр, ал құрылғыларды оларға бюджет қаражатынсыз, тегін берген.

Будут-ли-вводить-систему-face-id-в-детсадах-Казахстана
Будут ли вводить систему Face ID в детсадах Казахстана

Астанада тегін балалар үйірмелері мен секцияларына қатысуды бала бетін тану арқылы тексере бастады: Face ID жүйесін қалалық QOSYMSHA.KZ бағдарламасы бойынша сынап жатыр. 4 қарашада жеке қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері міндетті биометрияға қарсы шықты. Әкімдік жүйенің мақсатын түсіндірді: баланың сабаққа шын келетінін көру және бюджет қаражатын бос орындарға төлемеу.

4 қарашада әкімдік ғимаратының алдына 30-ға жуық адам жиналды. Олар — жеке спорт клубтарының, шығармашылық студиялар мен оқу орталықтарының өкілдері. Олармен білім басқармасы мен балаларға қосымша білім беру жөніндегі оқу-әдістемелік орталықтың қызметкерлері кездесті. Әкімдіктің мәліметінше, кездесуде технологияның мақсаты, құқықтық негізі және қатысуды растау тәртібі түсіндірілді. Әкімдікте жиналғандардың әкім орынбасарының қабылдауына алдын ала жазылмағанын нақтылады. Полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін қатысушыларды Сарыарқа ауданының полиция басқармасына жеткізді, кейбіріне ресми ескерту жасалды.

Әкімдік биометриялық тексерудің төрт мақсатын атады:

  • баланың сабаққа шынымен баратынын бақылау;
  • бюджет шығыстарын ашық ету;
  • қосып жазуға, яғни жалған қатысу белгілеріне жол бермеу;
  • іс жүзінде көрсетілмеген қызметке ақы төлемеу.

Қазір Face ID сынақ ретінде қосымша білім беретін екі жеке ұйымда ғана жұмыс істейді. Құрылғыларды оларға тегін берген, бюджеттен ақша жұмсалмаған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, сынақ кезінде ата-аналар мен балалардан шағым түскен жоқ.

Бөлек мәселе — балалардың деректері. Биометрия — адамның дене ерекшеліктері туралы мәлімет, мысалы, бет-әлпетінің бейнесі, оның көмегімен адамды тануға болады. Әкімдік кәмелетке толмағандардың дербес және биометриялық деректері «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға сәйкес жиналып, өңделетінін айтты. Қатысуды электрондық жолмен белгілеу тәсілдері — QR-код пен биометрия — мемлекеттік органдардың 2025 жылғы 28–30 мамырдағы бірлескен бұйрықтарымен бекітілген сынақ жобасының алгоритмінде және қызмет берушілер қол қоятын қосылу шартының 9-тармағында жазылған.

Әкімдіктің дерегінше, қатысуды осыған ұқсас тәсілмен бақылау Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында қазірдің өзінде қолданылады.

Балаларға қосымша білім берудің бірыңғай мемлекеттік тапсырысы Астанада 2025 жылдан бері сынақтан өтіп жатыр: қаржы нақты балаға бекітіледі, ал үйірме не секцияны ата-ананың өзі таңдайды. Өтінім QOSYMSHA.KZ платформасында ата-ана мен баланың ЖСН-і арқылы қабылданады. 2025 жылдың жазында әкімдік тегін сабаққа арналған ваучерді елордада 25 мыңнан астам бала, ел бойынша 500 мыңнан астам бала алатынын хабарлаған. Сол кезде әкімдік хабарламасында бұрын кейбір балалар екі ваучер алып, енді біреулері ваучерсіз қалатыны айтылған. Сондай-ақ ата-аналар қатысуды жеке кабинетте ай сайын растап отыруы керек, әйтпесе қаржыландыру тоқтатылады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз