Мазмұнға өту

Xiaomi 82 құрылғыны HyperOS 4-ке жаңарту мерзімін жариялады

Жаңа қабықшаны алғашқылардың бірі болып Xiaomi 17, Xiaomi 15, Redmi Note 17 және Note 15 смартфондары алады, ал Redmi Note 14 мен Xiaomi 13 иелері желтоқсанды күтуге тиіс.

Оболочка Xiaomi HyperOS 4 на базе Android 17
Фото: GSMArena

Xiaomi өзінің Xiaomi, Redmi және Poco смартфондары мен планшеттерін HyperOS 4-ке жаңартудың жаһандық кестесін жариялады. HyperOS 4 – компанияның Android 17 негізінде жасалған фирмалық қабықшасының жаңа нұсқасы. Тізімге 82 құрылғы енді: оның 67-сі смартфон, 15-і планшет. Жаңарту 2026 жылғы қарашаның басынан желтоқсанның соңына дейін үш кезеңмен таратылады. Ол Қазақстанда ең көп сатылатын Redmi Note 14, 15 және 17 сериясын да қамтиды.

Алғашқы кезең қарашаның басында басталып, 33 құрылғыны қамтиды. Олардың қатарында Xiaomi 17 пен 17 Ultra, Xiaomi 17T пен 17T Pro, Xiaomi 15 пен 15 Ultra, Leica Leitzphone, Redmi Note 17 бен Redmi Note 15-тің барлық нұсқасы, Redmi 17, Redmi 17C 5G және Redmi 15C, Poco F8, X8, M8 және C сериясының смартфондары, сондай-ақ Xiaomi Pad 8 пен Pad 8 Pro планшеттері бар.

Қараша айының ортасынан бастап жаңартуды Xiaomi 15T мен 15T Pro, Poco F7, F9 және X7 Pro, Xiaomi Pad 7 пен Pad 7 Pro, Xiaomi Pad Mini, Redmi Pad 2 Pro планшеттері және Poco планшеттері алады. Желтоқсанда кезек Xiaomi 14 пен 14 Ultra, Xiaomi 13, 13 Pro және 13 Ultra, Xiaomi 14T пен 13T, бүктелетін Xiaomi MIX Flip, Redmi Note 14 желісінің барлығы, Redmi 15, Poco F6, X6 Pro, X7 және M7 смартфондарына, сондай-ақ Redmi Pad 2 планшеттерінің бір бөлігіне жетеді. Жарияланған тізімде Redmi Note 13 жоқ.

Мерзімдер шамамен көрсетілген: компанияның ескертуінше, жаңарту күні мен реті өңірге, операторға және модельге қарай өзгеруі мүмкін. 3DNews атап өткендей, HyperOS 3-тен көшкенде жаңарту файлының көлемі 8 ГБ-тан асуы ықтимал. Сондықтан орнатар алдында жадты босатып, Wi-Fi желісіне қосылған жөн. Жаңартудың бар-жоғын баптаулардағы «Құрылғы туралы» бөлімінен тексеруге болады.

Сырттай байқалатын басты өзгеріс – жартылай мөлдір панельдері бар Soft Light Glass («жұмсақ шыны») жаңа дизайны. Бұдан бөлек HyperOS 4-те:

  • хабарландырулар мен құлыптау экраны қайта жасалды, енді экранды өз қалауыңызша баптауға болады;
  • қосымшаларға арналған икемді қалталар пайда болды, виджеттерді бір-бірінің үстіне жинауға болады;
  • қалқымалы терезелер жақсы жұмыс істейді, анимация бұрынғыдан бірқалыпты;
  • iPhone иелерімен фото, файл, контакт және сілтеме алмасу жеңілдеді;
  • Xiaomi дерегінше, 9 сағат жұмыстан кейін 30 қосымша 40,3 секундтың орнына 36,8 секундта ашылады. Бұл HyperOS 3-пен салыстырғанда 8,7% жылдам. HDR режиміндегі сурет 313 миллисекундтың орнына 240 миллисекундта сақталады.

Кейбір мүмкіндіктер, соның ішінде Xiaomi-дің MiMo тілдік моделіне негізделген Super XiaoAi 2.0 жасанды интеллект көмекшісі, тек қытайлық бағдарламалық жасақтама нұсқаларында және жекелеген модельдерде ғана жұмыс істейді.

HyperOS – Xiaomi-дің 2023 жылы MIUI-дің орнын басқан фирмалық қабықшасы. Алдыңғы нұсқа HyperOS 3 2025 жылы Android 16 негізінде шыққан. Қазір HyperOS 4 тек жаңа флагмандық Xiaomi 18 сериясының смартфондарында орнатылған. Енді компания оған қалған құрылғыларды, соның ішінде 2022 жылғы Xiaomi 13 флагмандарын да көшіре бастайды. Орта және бюджеттік модельдерге қолдау көрсету мерзімі қысқарақ: тізімде Redmi Note желісінен тек Redmi Note 14 бастап шыққан модельдер бар.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз