АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Ресейдің тікелей инвестициялар қорына (РТИҚ) салынған америкалық санкцияларды алып тастау мүмкіндігін қарап жатыр. Бұл туралы 27 қазанда бірнеше дереккөзге сілтеме жасап, The New York Times хабарлады, басылымның мәліметін РБК-Украина мен УНИАН таратты. Түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ: америкалық ережелер бойынша қор өзіне санкция салуға себеп болған жағдайлардың енді жоқ екенін дәлелдеуге тиіс.
РТИҚ — Ресейдің мемлекеттік инвестициялық қоры. Ол ресейлік компанияларға және шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларға қаржы салады. Қорды Кремльдің Трамп командасымен келіссөздеріндегі басты өкілдерінің бірі Кирилл Дмитриев басқарады. Қорға санкцияны 2022 жылы, Ресей Украинаға толыққанды басып кірген алғашқы күндері Джо Байден әкімшілігі салған. Ол кезде Вашингтон РТИҚ-ты Владимир Путиннің «қара кассасы» әрі Ресейдің шетелдегі ықпалын тарату құралы деп атаған еді.
NYT-тің мәліметінше, америкалық шенеуніктердің бірі қордың өтініші белгіленген тәртіппен әрі «ресей-америка қарым-қатынасын жақсартып, соғысты аяқтауға көмектесу» бағытындағы күш-жігер аясында қаралып жатқанын айтқан. Басылымның жазуынша, Трамп командасы Путинмен іскерлік мәмілелер АҚШ-тың Мәскеумен жаңа қарым-қатынас құруға шындап кіріскенін Кремльге көрсетеді деп есептейді. Газеттің дереккөзі Вашингтонда Дмитриевті пайдалы делдал санайтынын да айтқан.
Дмитриевтің қоры Трамп пен Путиннің «дизель мәмілесінде» шешуші рөл атқарып отыр. Америка президенті бұл мәміле туралы 9 қазандағы уағдаластықтан кейін жариялаған. РТИҚ ресейлік дизель отынын АҚШ-қа жеткізуді, оның ішінде төлемдерді ұйымдастыруға көмектеседі. АҚШ Қаржы министрлігі белгілі бір кезеңде танкерлерге тиелген ресейлік дизельмен жасалатын операцияларға уақытша рұқсат берді. Financial Times-тың деректерінше, қазір Америка жағалауына шамамен 140 мың тонна отын тиелген үш танкер келе жатыр, олардың екеуі санкция тізімінде. Танкерлер 7–11 қарашада, 3 қарашадағы Конгреске аралық сайлаудан кейін бірден жетуге тиіс. АҚШ-та дизельдің орташа бағасы бір галлон үшін 6,34 долларға жетті, бір жыл бұрын ол 3,66 доллар болған. NYT-тің жазуынша, ресейлік тарап дәл осы дизель жөніндегі келіссөз барысында қордың өзінен санкцияны алуды талап еткен.
Сыншылардың пікірінше, Кремль Украинаға қойған талаптарының бірде-біреуінен бас тартпай-ақ экономикалық пайда көріп отыр. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы қызметкері Эрик Грин санкцияның алынуы ықтимал екенін «АҚШ бұрынғы ұстанымын жұмсартып жатқанының өте күшті белгісі» деп атады. Оның пікірінше, бұл Вашингтонның соғыс реттелгенге дейін Ресейге экономикалық қысым жасаудан шегінуін білдіреді.
Трамптың бағытына республикашылардың арасында да наразылық күшейіп келеді. Сенаттағы республикашылардың бұрынғы көшбасшысы Митч Макконнелл 25 қазанда The Wall Street Journal газетіне жазған мақаласында президентті Ресейге жаңа жеңілдіктер жасаудан сақтандырды. «Америкалықтар үшін жақсы жаңалық — Сенаттағы республикашылар шегінуге және агрессорды жұбатуға қарсы, күшті қорғанысты жақтайды», — деп жазды ол. Қазан айының басында Макконнелл мен басқа да республикашылар демократ сенаторлармен бірге Трамптан Ресеймен дизель мәмілесін бұзуды талап еткен. Ақ үй президенттің соғысты реттегісі келетінін және бейбіт келісімге әлі де үмітпен қарайтынын айтады.
Бұл ақпарат Украина, АҚШ және Ресейдің қарашаның басында күтілетін үш жақты келіссөздерінің жаңа кезеңіне дайындық жүріп жатқан тұста жарияланды. Оған дейін Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Санкт-Петербургте Путинмен Украина мәселесін үш сағатқа жуық талқылаған. Ал Ресей Украина қалаларына қарсы террорын жалғастырып жатыр: 27 қазанға қараған түні ресейлік баллистикалық зымырандар Киевке соққы беріп, университет жатақханасын, медициналық мекемелерді және Днепр арқылы өтетін көпірді зақымдады.



