Баспана — жай ғана бас сауғалайтын орын емес, әр адамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі қажеттілік. Көптеген елдегідей Қазақстанда да үкімет шаршы метрді халықтың түрлі топтарына қолжетімді ету үшін көп күш жұмсап келеді. Алайда баспана алу процесі күрделі әрі түсініксіз болуы мүмкін, әсіресе мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұру мәселесінде.
Тұрғын үй кезегіне қайда тұруға болады
2025 жылғы 24 мамырдан бастап Қазақстандағы бірыңғай тұрғын үй кезегін «Отбасы банк» жүргізеді. Кезекке тұру үшін orken.otbasybank.kz ресми порталын пайдаланыңыз. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Ол деректеріңіздің қорғалуы мен құпиялығын қамтамасыз етеді. Бұрын өтінішті әкімдіктер қабылдаған, ал кезекте тұрғандар туралы мәлімет Kezekte.kz порталында жарияланатын.
Өтініш беру барынша жеңілдетілген, алдын ала қағаз құжат жинаудың қажеті жоқ. Сайттағы онлайн-нысанды толтыру жеткілікті. Қажетті мәліметтердің көбі электрондық дерекқорда бар, сондықтан рәсім едәуір тез өтеді. Егер қандай да бір ақпарат дерекқорда болмаса, тиісті құжаттардың сканерленген көшірмесін жүктеу керек. Мұны тікелей сайтта жасауға болады. Өтініш берілгеннен кейін өтініш берушіге және оның отбасы мүшелеріне 1414 нөмірінен SMS келеді. Оған дербес деректерді өңдеуге келісім беріп жауап қайтару керек. Сондықтан телефон нөміріңіздің мобильді азаматтар базасында тіркелгенін алдын ала тексеріп алыңыз.
Тіркелу кезінде қиындық туындаса немесе қосымша көмек қажет болса, «Отбасы банкке» немесе әкімдіктің жергілікті тұрғын үй қатынастары бөліміне кеңес алуға жүгінуге болады.
Тұрғын үй алу шарттары

Алматыда, Астанада немесе Қазақстанның басқа қаласында тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болатыны көпті қызықтырады. Негізгі шарттарды қарастырайық.
Есепке кімдер тұра алады
Есепке алыну үшін үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы (немесе қандас мәртебесі болуы) және тиісті елді мекенде тұрақты тіркеуде тұруы керек — кезекке тек тіркелген жері бойынша тұруға болады. Республикалық маңызы бар қалаларда және астанада (Астана, Алматы, Шымкент) кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде болу талап етіледі. Басқа өңірлерде тіркеу мерзіміне талап қойылмауы мүмкін.
Тұрғын үй кезегіне тұру үшін екі шарттың біріне сай болу қажет:
- соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының аумағында меншігінде тұрғын үйі болмауы (бұл талап жұбайына және кәмелетке толмаған балаларына да қатысты);
- жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған болуы.
Тұрғын үй жағдайы техникалық және санитариялық нормаларға сай келмесе, бір пәтерде оқшаулану мүмкіндігінсіз екі не одан көп отбасы тұрса немесе отбасында бірге тұруды мүмкін етпейтін созылмалы аурудың ауыр түрімен ауыратын адам болса, ерекше жағдай ретінде қаралуы мүмкін. 2026 жылдан бастап есепке алу кезінде жалғыз тұрғын үйдегі 50 пайыздан асатын үлес те ескеріледі. Мұндай үлесімен кезекте тұрғандарға бұл ереже қолданылмайды.
2025 жылдан бастап тұрғын үй кезегіне тұра алатындарға қойылатын талаптар өзгерді. Бұрын жеңілдікті санатқа жату талап етілсе, енді меншігінде баспанасы жоқ немесе апатты пәтер мен үйде тұратын барлық азамат кезекке тұра алады. Бірақ пәтер бөлу кезінде алдымен басым құқығы бар кезектегілер алады — оларға тұрғын үйдің шамамен 70 пайызы беріледі. Оларға мыналар жатады:
- соғыс және ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мемлекеттік наградалармен марапатталған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедек балалары бар отбасылар;
- жесірлер.
Қандай табыспен есепке тұруға болады

Бұрын көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар сияқты кейбір санаттағы азаматтарға талап қойылатын: соңғы 12 айда отбасының әр мүшесіне шаққандағы жиынтық орташа айлық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс еді. 2025 жылдан бастап кезекке тұрудың өзі үшін табыс деңгейінің мәні жоқ: жоғарыда аталған өлшемдерге сай келетін барлық азамат есепке тұра алады.
Дегенмен кезектегі адамның нақты қандай көмек ала алатыны табысына қарай анықталады. «Отбасы банктің» мәліметінше, соңғы алты айдағы бір адамға шаққандағы орташа табыс мынадан аспауы керек: жалдау ақысына субсидия үшін — 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕКД), жалға берілетін тұрғын үй үшін — үш және одан көп адамнан тұратын отбасыларға 2 ЕКД, бір-екі адамға 3,5 ЕКД, 2 пайыздық ипотека үшін — 5 ЕКД, 5 пайыздық ипотека үшін — 6 ЕКД. «Наурыз» бағдарламасында ең жоғары табысқа шектеу жоқ.
Қандай тұрғын үй алуға болады
Қазақстанда кезекте тұрғандарға мемлекеттік қолдау бірнеше түрде көрсетіледі: мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін жалға берілетін тұрғын үй (соның ішінде әкімдіктер жеке меншік иелерінен жалға алған пәтерлер), нарықтағы баспананы жалдау ақысының бір бөлігіне субсидия және «Отбасы банктің» жеңілдікті ипотекалық қарыздары (2 және 5 пайызбен, сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасы бойынша). Жалға берілетін кейбір пәтерді жеңілдікті шартпен сатып алуға болады — бұл туралы шешімді әкімдік қабылдайды.
Жалға алушылар коммуналдық қызметтер мен жалдау ақысын төлеуі тиіс. Жалдау ақысы әдетте айына 15–20 мың теңге шамасында болады. Жалдау шарты әр бес жыл сайын ұзартылады, ал тұрғын үйді пайдалану құқығы шартта көрсетілген отбасы мүшелеріне өтеді. Жалға алынған тұрғын үйді сатуға, айырбастауға немесе кепілге беруге болмайтынын ескеру маңызды.
Баспананы қанша күту керек
Көп қазақстандықты «пәтер кезегін қанша күту керек?» деген сұрақ толғандырады. Оған нақты жауап беру қиын, өйткені көп азамат баспананы жылдар бойы күтеді. Есепке алу туралы шешім тез қабылданады: «Отбасы банктің» мәліметінше, өтініш бір жұмыс күнінен үш жұмыс күніне дейін қаралады.
2026 жылдан бастап тұрғын үй тек түгендеуден өткен кезектегілер арасында бөлінеді. Түгендеу кезінде мәртебе, отбасы құрамы, санат және тұрғын үйдің бар-жоғы тексеріледі. Өз мәртебеңізді және деректеріңіздің өзектілігін orken.otbasybank.kz порталынан тексеруге болады.
Кімді есептен шығаруы мүмкін
Кезекке тұру өлшемдеріне енді сай келмейтіндерді анықтау үшін кезектегілер үнемі тексеріледі. Есептен мынадай себептермен шығаруы мүмкін:
- тұрғын үйге мұқтаждықтың жойылуы;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға көшу;
- өтініш берушінің өзі және отбасы туралы толық емес немесе дұрыс емес мәлімет беруі;
- жер учаскесін сатып алып, үй салуы;
- тұрғын үй сатып алуы.
Қазақстанда тұрғын үй алу кезегіне тұру күрделі болып көрінгенімен, халықты әлеуметтік қорғау мен қолдауда маңызды рөл атқарады. Әр ықтимал қатысушының барлық кезең туралы жақсы хабардар болуы маңызды. Бұл жүйені ашық әрі қолжетімді етуге көмектеседі.



