Мазмұнға өту
2026 жылғы 11 қараша, сәрсенбі

Зейнеп Оразхан ММА бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды

Мельдонийден бөлек, спортшы көктамырға тыйым салынған көлемде сұйықтық құйғанын мойындады, ал дисквалификация 2029 жылғы қазанға дейін созылады.

Наборы для отбора допинг-проб
Фото: Augustas Didžgalvis / Wikimedia Commons

Қазақстандық ММА спортшысы Зейнеп Оразхан GAMMA-2024 әлем чемпионатының алтын медалінен айырылып, үш жылға дисквалификацияланды. Аралас жекпе-жек өнерінің жаһандық қауымдастығының (GAMMA) антидопингтік бағдарламасын жүргізетін Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) 10 қарашада спортшы антидопингтік ережені екі рет бұзғанын мойындап, жазаға келіскенін хабарлады. Дисквалификация 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейін жалғасады.

Оразханның сынамасы 2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияның Тангеранг қаласында өткен GAMMA әлем чемпионатында жарыс кезіндегі допинг-бақылауда алынған. Сынамадан мельдоний табылды. Бұл – WADA жарыс кезінде ғана емес, кез келген уақытта қолдануға тыйым салған метаболикалық модулятор. Екінші бұзушылық – 12 сағат ішінде көктамырға 100 мл-ден астам сұйықтық құю. Бұл әдіс те WADA-ның тыйым салынған тізімінде бар, спортшы оны қолданғанын мойындады.

Оразханның 2024 жылғы әлем чемпионатындағы барлық нәтижесі медальдарымен, ұпайларымен және жүлделерімен бірге жойылды. Оның 2024 жылғы 14 желтоқсаннан бергі барлық жеке нәтижесі де жарамсыз деп танылды. Бұзушылықтарды ерте мойындағаны үшін дисквалификация мерзімі бір жылға қысқартылды. 2025 жылғы наурызда тағайындалған уақытша шеттету мерзімі есепке алынбады, өйткені спортшы оның талаптарын сақтамаған. Шешімге Спорттық төрелік сотта (CAS) шағымдануға болады.

Оразхан GAMMA World 2024 жарысында тоғыз алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасының сапында болған. 2025 жылғы наурызда ITA осы турнирге қатысқан үш қазақстандықтың – Оразхан, Мажит Сардаров және Айдын Төлепбаевтың сынамасынан мельдоний табылғанын хабарлаған. Сардаров пен Төлепбаев бұған дейін төрт жылға дисквалификацияланды.

WADA мельдонийге 2016 жылы тыйым салды, содан бері түрлі спорт түрінен бұл дәріге ұсталған қазақстандық спортшылар бірнеше рет болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз