Ресей әскері 11 қарашада Киев облысындағы, Киевтен шамамен 100 шақырым шығыста орналасқан шағын Яготин қаласына шабуылдаушы дрондармен екі рет соққы берді. Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың хабарлауынша, екінші шабуыл кезінде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Бұл — бейбіт қалаға жасалған кезекті лаңкестік шабуыл: дрондар тұрғын үйлерге, балабақшалар мен лицейге тиді.
Алғашқы соққы күндіз жергілікті лицейдің аумағына тиді. Сол сәтте мектептің баспанасында 171 бала, мұғалімдер мен қызметкерлер болған. Сондықтан Ткаченконың айтуынша, қаза тапқан да, зардап шеккен де адам жоқ. Дрон құлаған жерде өрт шықты, жарылыс салдарынан көлік, қоршау және көршілес екі жеке үйдің терезелері зақымданды.

Екінші шабуыл адам өлімімен аяқталды. Киев уақытымен шамамен сағат 17:00-де (Астана уақытымен 20:00) Ткаченко бір адамның қаза тапқанын, жараланғандар барын хабарлады. Олардың саны мен жағдайын билік әлі нақтылап жатыр. Қаза тапқан адамның есімі аталған жоқ.
Екінші соққы кезінде екі балабақша ғимаратының терезелері қирады. Сондай-ақ екі тұрғын үй, көлік және аумағы үлкен тұрғын емес үй-жай зақымданды. Онда шыққан өртті құтқарушылар кешке дейін сөндірді. Шабуылдан зардап шеккен балабақшалар мен оқу орындары 12 қарашада қашықтан жұмыс істейді.
Яготинге соққы берілген күні Ресей Одесса маңындағы Черноморск қаласындағы базарға да шабуыл жасады: онда бейбіт тұрғындар қаза тапты. Киев облысы ресейлік дрондардың үздіксіз шабуылында қалып отыр.



