Мазмұнға өту

Мыңнан астам сарбаз жоғары оқу орнында тегін оқиды

1 040 орынға 160 әскери бөлімнен 8 823 сарбаз таласып, бір орынға шамамен сегіз жарым адамнан келді.

Заседание межведомственной комиссии Министерства обороны по распределению образовательных грантов военнослужащим срочной службы
Фото: Министерство обороны РК

Қорғаныс министрлігінің ведомствоаралық комиссиясы 2025 жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздарға елдегі азаматтық және ведомстволық жоғары оқу орындарынан 1 040 орын бөлді. Оның 800-і – Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік білім беру гранттары, тағы 240 орынды күштік құрылымдардың жоғары оқу орындары берді. Шешім Астанада ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі өкілдерінің қатысуымен қабылданды.

Конкурсқа 160 әскери бөлімнен 8 823 сарбаз қатысты. Іріктеу «Срочники 2.0» цифрлық платформасында өтті. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякинаның айтуынша, үміткерлердің рейтингі жауынгерлік дайындық нәтижесіне, әскери тәртіпке, қызметтік міндеттерді атқару сапасына, психологиялық дайындық пен тестілеу қорытындысына қарап жасалды. Конкурс нәтижелері мен жеңімпаздардың сертификаттары платформада жарияланып қойды.

Осы бағдарлама бойынша оқуға түскен бұрынғы сарбаздарға заңмен бекітілген қосымша кепілдіктер қарастырылған: оқудың алғашқы жылында жатақханадан басым тәртіппен орын беріледі және шәкіртақы төленеді. Оқу бес бағыт бойынша жүреді: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс мамандықтары, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар, ветеринария және қызмет көрсету саласы. Биыл жобаға көмектескен Құрылтай депутаттары Нұргүл Тау мен Олжас Құспеков бұл тізімді еңбек нарығындағы сұранысқа қарай кеңейтуді ұсынып отыр.

«Срочники 2.0» жобасын Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру үшін 2023 жылы іске қосқан. Биыл жазда алдыңғы шақырылымның 1 745 бұрынғы сарбазы грант алды, олардың арасында IT мамандықтары ең көп сұранысқа ие болды. Осы күзде министрлік 23 мыңға жуық жасты әскерге шақыруды жоспарлап отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз