Мазмұнға өту

Магистральдық құбырлардың күзет аймақтары кадастрға енгізілді

Енді әкімдіктер жер бөлу кезеңінде-ақ учаскенің мұнай немесе су құбырының күзет аймағына түсетінін және онда шектеулер барын көре алады.

Презентация в Министерстве энергетики цифрового механизма контроля охранных зон магистральных трубопроводов
Фото: Министерство энергетики РК

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесінде енді магистральдық құбырлардың күзет аймақтары мен құбыр инфрақұрылымы объектілеріне дейінгі ең аз қашықтықтар көрсетіледі. Бұл функцияны Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен министрлік алаңында жұмыс істеген ведомствоаралық жұмыс тобы әзірледі.

Басты өзгеріс жер бөлу мен құрылысқа қатысты. Әкімдік жер учаскесіне берілген өтінімді қарағанда, жер бөлуді келіскенде немесе құрылысты жоспарлағанда жүйе маңайда құбыр бар-жоғын алдын ала көрсетіп, шектеулер туралы ескертеді. Ведомство бұл шара магистральдық құбырлардың маңындағы рұқсатсыз құрылысты тоқтатып, оларды зақымдау мен апат қаупін азайтады деп күтеді.

Кадастрға «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақстан-Қытай Құбыры» АҚ және «СЗТК «МұнайТас» ЖШС магистральдық құбырларының, бас және аралық мұнай айдау станцияларының, басқа да объектілерінің күзет аймақтары мен ең аз қашықтықтары енгізілді. Оған «Магистральдық су құбыры» жүйесінің объектілері мен коммуникациялары, соның ішінде су сорғы станциялары да кірді. Алғашқы пилоттық компания «ҚазТрансОйл» болды.

Жұмыс нәтижесі Энергетика министрлігінде Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың төрағалығымен таныстырылды. Жұмыс тобының құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, әкімдіктер, «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz, Kazenergy қауымдастығы, «Қазгеодезия» АҚ, ОЭК-тің Ситуациялық-талдау орталығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және басқа да ұйымдар болды.

Министрлік кадастрға өзгеріс дайындалып жатқанын жазда хабарлаған еді. Бас көлік прокуратурасы саладағы басқа да мәселелермен айналысып жүр: жақында ол Кеңқияқ — Құмкөл және Атасу — Алашанькоу құбырларынан 92 мың тонна есепке алынбаған мұнай тапты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз