22 қарашадан бастап Қазақстанның мұнай-газ компаниялары цифрландыруға арналған қаражатты — өткен жылғы өндіру шығындарының 1%-ын — Astana Hub қорына аударады, ал жобаларды орындаушылар тек Astana Hub қатысушыларының арасынан таңдалады. Бұл қағидаларды Энергетика министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлескен бұйрықпен бекітті.
Қаражат өндірудің екінші күнтізбелік жылынан бастап жыл сайын төленеді. Сома өткен жылы мұнай мен газ өндіруге жұмсалған шығындардан есептеледі, ал компанияның биыл ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсаған қаражаты есепке алынады. Ақшаны қорға 31 наурызға дейін аудару керек.
Қаражаттың неге жұмсалатынын цифрландыру жөніндегі уәкілетті органның жанындағы ғылыми-техникалық кеңес Энергетика министрлігімен бірге шешеді. Қағидаларда негізгі бағыттар атап көрсетілген:
- жасанды интеллект және өндіруді модельдеу;
- кәсіпшіліктердегі роботтар мен ұшқышсыз технологиялар;
- кен орындарының цифрлық егіздері — игерудің түрлі сценарийлері тексерілетін виртуалды көшірмелер;
- өнеркәсіптік заттар интернеті — датчиктер мен қашықтан бақылау;
- энергия тиімділігі және көміртек ізін азайту;
- бұлттық шешімдер, виртуалды және толықтырылған шындық.
Компания қорға техникалық тапсырмасы, болжамды құны және жоспары көрсетілген өтінім береді. Энергетика министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңес оны бір айға дейін қарайды, тағы бір ай қордағы сараптамаға кетеді. Қорытынды оң болса, қор екі айдан аспайтын мерзімде мердігер таңдауға конкурс өткізеді, оған тек Astana Hub инновациялық кластерінің компаниялары қатыса алады. Содан кейін қор, мұнай компаниясы және мердігер үшжақты шартқа қол қояды, ал жұмысты компанияның өзі қабылдайды. Бір жобаны бірнеше жер қойнауын пайдаланушы бірлесіп қаржыландыра алады, оны қатарынан үш жылға созуға да болады.
Қор алған қаражатының 3%-ынан аспайтын бөлігін өз шығындарына және Энергетика министрлігінің цифрландыру жобаларына қалдыра алады. Қаражат үш жыл ішінде жұмсалмаса немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тоқтатылса, қалдығы жер қойнауын пайдалану саласындағы ғылыми жұмыстар үшін республикалық бюджетке жіберіледі. Міндеттемелердің орындалуын Энергетика министрлігі қадағалайды.
Мұнайшылар цифрландыруға қазір де қаражат бөлуге міндетті. Бірақ 2020 жылғы бұрынғы бірлескен бұйрық бойынша компаниялар орындаушыларды сатып алу рәсімдері арқылы өздері таңдап, олармен шартты да өздері жасасатын. Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда көмірсутек саласында жер қойнауын пайдалануға арналған 317 келісімшарт бар, оларды 215 компания иеленеді, бұл компаниялардың басым бөлігі Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді.



