Петропавлда жаңа жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясын салуға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 5,9 млрд теңге бөлінді. Оның 800 млн теңгедейі медициналық жабдық сатып алуға жұмсалады. Кешенді 2027 жылғы желтоқсанда салып бітіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық жедел жәрдем станциясы қазір 22 қалалық бригада мен 14 ауылдық бөлімшенің жұмысын үйлестіреді. Олар 510 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Әр бригадаға тәулігіне орта есеппен 16 шақырту келеді, ал бір жылда 100 мыңнан астам шығу жасалады.
Кешен 1,5 гектар аумақты алады. Төрт қабатты бас ғимаратта цифрлық диспетчерлік пен медицина қызметкерлері біліктілігін арттыратын симуляциялық орталық болады. Көліктер үшін жуу орны мен жөндеу цехы бар, 20 санитарлық автокөлікке арналған жылы гараж салынады. Ғимаратта техника, медициналық құрал-сайман мен дәрі-дәрмек сақтайтын қоймалар болады, ал дәрілер үшін қажетті сақтау температурасын ұстап тұратын жабдық орнатылады. Цифрлық диспетчерлік шақыртуларды тезірек өңдеп, қайсысы шұғыл екенін дәлірек анықтап, бригадаларды жылдамырақ жіберуге тиіс.
Құрылыс басталып кетті: кешен Копай шағынауданында, бұзылған жеке үйлердің орнында салынып жатыр. Жедел жәрдем қазір 1905 жылы салынған, бір кездері ат қора болған ғимаратта жұмыс істейді. Станция қызметкерлерінің айтуынша, онда орын тар, шатыры ағады, ал гаражға көліктердің бәрі сыймайды, сондықтан қыста оларды үнемі қыздырып отыруға тура келеді.
Петропавлда жедел жәрдемнің қазір қалай жұмыс істеп жатқанын 24KZ телеарнасы сюжетінде көрсетті:
2026 жылы Қазақстан бойынша 50-ге жуық денсаулық сақтау нысанын салуға 108 млрд теңге бөлінді.



