Аргентина құрамасы Буэнос-Айрестегі «Ла Бомбонера» стадионында өткен жолдастық кездесуде Уругвайдан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ойын Астана уақытымен 14 қарашаға қараған түні өтті. Бұл – Лионель Месси құрамадағы мансабын аяқтағаннан кейін әлем чемпиондарының алғашқы матчы. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Бірінші тайм голсыз аяқталды, дегенмен қауіпті сәттер көбіне үй иелерінде болды. Ойынның тағдыры екінші таймның басында шешілді: 48-минутта қорғаушы Леонардо Бальерди допты өз қақпасына енгізіп жіберді, көп ұзамай Максимилиано Араухо Диего Форлан командасының артықшылығын екі есе арттырды. 70-минутта Хулиан Альварес Джанлука Престианнидің пасынан кейін бір гол соқты, бірақ аргентиналықтар ойынды құтқара алмады.
Бұл кездесуде 10-нөмірлі жейдені ешкім киген жоқ – құрамада осылайша Мессиге құрмет көрсетті. Лионель Скалони шабуылды алғаш рет Нико Пас, Хулиан Альварес және Тьяго Альмада үштігіне сеніп тапсырды. «Ла Бомбонераның» трибуналары толық толмады, кейбір секторлар жабық тұрды.
Матчтан кейін Скалони «түзететін нәрселер бар» екенін мойындады. «Қарсылас бізді қиын жағдайға қойды, оны құттықтау керек. Бірақ бар ауыртпалықты біз көтергеніміз де рас. Жігіттерге мүмкіндік беріп, олардың бірте-бірте ырғаққа енуіне жағдай жасау керек», – деді бапкер баспасөз мәслихатында. Ол жас ойыншыларға көшбасшы жүгін артпауды өтінді: «Жігіттерден мұндай матчтардың тағдырын шешуді күте алмаймыз. Солай болса, жақсы болар еді, бірақ оларға шыдамдылық таныту керек».
Месси құрамамен 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қоштасты. Скалони жақында келісімшартын 2030 жылғы әлем чемпионатына дейін ұзартты, ал қарашадағы матчтар оның жаңа командасының алғашқы қадамы болды. Аргентина келесі ойынын 17 қарашада Кордовада Коста-Рикамен өткізеді, бапкер құрамда өзгерістер болатынын айтты.



