Әбу-Даби қылмыстық соты 13 қарашада, жұма күні, Яс аралындағы қонақүйде UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвилимен болған төбелеске қатысқан он адамды кінәлі деп тапты. The National хабарлауынша, әмірліктің Сот департаменті сегіз адамды алты айға бас бостандығынан айырды. ESPN дерегінше, олардың алтауы — PFL-дің жеңілмеген жеңіл салмақтағы чемпионы Усман Нұрмағомедов командасының мүшелері. Сот сотталғандардың есімін жария еткен жоқ. ТАСС мәліметінше, Усманның өзі де жарты жылға сотталған.
Алты адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны, дүрбелең тудырғаны және адамдардың өміріне қауіп төндіргені үшін сотталды. Әрқайсысы жарты жылға бас бостандығынан айырылып, 300 мың дирхам — шамамен 81,7 мың доллар, яғни 36 млн теңгедей — айыппұл төлейді, ал жазасын өтегеннен кейін БАӘ-ден шығарылады. Тағы екі адам төбелесті телефонға түсіріп, бейнені желіге жариялағаны үшін дәл осындай жазаға кесілді: сот мұны жеке өмірге қол сұғушылық деп танып, олардың телефондарын тәркілеуге және жазбаларды өшіруге бұйырды. Соңғы екеуі қоғамдық тәртіпті бұзғаны және шабуыл жасағаны үшін 50 мың дирхамнан, шамамен 6 млн теңгеден айыппұл төлеумен құтылды.
ESPN дерегінше, бұл айыппұлды Двалишвили мен оның 21 жастағы досы, балуан Саба Лазишвили алған. Екеуі де жұма күні қамаудан босатылды. Бұл туралы RAF күрес лигасының басшысы Чад Бронштейн мәлімдеді: «Мераб Двалишвилидің Әбу-Дабиде қайтадан бізбен бірге екенін хабарлауға қуаныштымын. Әбу-Дабидің тиісті органдарына кәсібилігі мен қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтқымыз келеді».
RAF Abu Dhabi турнирі сенбіде, 14 қарашада, «Этихад Аренада» өтеді. Двалишвили бұрынғы жоспар бойынша UFC-дің экс-чемпионы Марлон Мораеспен белдеседі. Усманның ағасы Умар Нұрмағомедов турнирден шеттетілді: оның орнына UFC-дің бұрынғы чемпионы Юрайя Фейбермен Лазишвили күреседі.
The National басылымы үкім туралы хабарды X әлеуметтік желісінде жариялады:
Төбелес 11 қарашада, сәрсенбі күні, Yas Hilton қонақүйінің фойесінде болды. Двалишвили сұхбат беріп тұрған кезде Усман артынан келіп, оның бетінен ұрды, содан кейін екі жақтың адамдары жұдырықтасып кетті. Полиция он адамды қамауға алды, ал UFC басшысы Дана Уайт төбелесті ақымақтық деп атады. Араздық 2025 жылғы қаңтардан бері жалғасып келеді: сол кезде Двалишвили UFC 311 турнирінде Умар Нұрмағомедовты жеңіп, ең жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғап қалған. 28 жастағы Усман жақында PFL-мен эксклюзивті келісімшартын аяқтады, соңғы апталарда оның UFC-ге ауысуы мүмкін екені талқыланып жүрген еді.



