Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Әбу-Даби полициясы Двалишвилимен төбелестен кейін 10 адамды қамады

Полиция қамалғандардың есімін атамады, бірақ олардың бұрынғы келіспеушілік салдарынан төбелескенін хабарлады.

Мераб Двалишвили
Фото: Getty Images

Әбу-Даби полициясы 12 қарашада, бейсенбі күні, қонақүй кіреберісінде болған төбелестен кейін 10 адамның қамалғанын растады. Бір күн бұрын сол жерде Усман Нұрмағомедов пен оның маңындағылар UFC-тің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвилиге шабуыл жасаған. Қамалғандардың сегізі төбелеске қатысқан, тағы екеуі оны бейнеге түсірген. Барлығы прокуратураға жіберілді. Полиция мәлімдемесін The National келтіреді.

Хабарламада ешкімнің есімі аталмаған. Полиция болған оқиғаны «бірнеше адамның арасындағы бұрынғы келіспеушіліктен туған төбелес» деп атады. Ведомство қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін және тәртіпті бұзатын кез келген әрекетке қатаң шара қолданатынын айтып, жұртты заңды сақтауға және мәдениетті болуға шақырды.

Төбелес 11 қарашада, сәрсенбі күні, Яс аралындағы қонақүйдің лоббиінде болды. Двалишвили RAF Abu Dhabi күрес турнирі алдында сұхбат беріп тұрғанда, қасына Усман мен оның адамдары келді. Бейнежазбада Нұрмағомедов грузин спортшыға бірдеңе айтып, бетінен алақанымен ұрады, содан кейін жаппай төбелес басталады. Мерабпен бірге оның досы, жас балуан Саба Лазишвили де зардап шекті. Бұған дейін қамау туралы тек журналист Ариэль Хельвани мен ТАСС хабарлаған: олардың дерегінше, төбелеске қатысқандар 12 сағаттан астам қамауда отырған.

Шабуылдан кейін Двалишвили X желісінде өзіне көмек көрсетіп жатқан бейнені жариялады:

https://twitter.com/MerabDvalishvil/status/2120548582487134666

RAF Abu Dhabi турнирі 14 қарашада, сенбі күні, «Этихад Аренада» өтеді. Двалишвили бразилиялық Марлон Мораеспен күрес ережесі бойынша белдесуі тиіс, ал Усманның ағасы Умар Нұрмағомедов америкалық Юрайя Фейбермен кездеседі. Усманның өзі турнир картасында жоқ: ол ағасына қолдау көрсету үшін келген. Төбелеске қатысқандар кілемге шыға ма, жоқ па, ұйымдастырушылар әзірге жариялаған жоқ.

28 жастағы Усман ММА-да бірде-бір жекпе-жекте жеңілмеген және 29 қазаннан бері еркін агент: оның PFL-мен келісімшарты аяқталды. The National дерегінше, ол лиганың шамамен 2 млн доллар (шамамен 890 млн теңге) ұсынысынан бас тартқан, енді оны UFC-ге күтіп отыр. Қазан айында UFC басшысы Дана Уайт жекпе-жекшімен келісімшарт жасау мүмкіндігі туралы: «Бізді қызықтырады» деген. 35 жастағы Двалишвили Нұрмағомедовтармен 2025 жылғы қаңтардан бері араз: сол кезде ол UFC 311 турнирінде Умарды жеңіп, ең жеңіл салмақтағы чемпион белбеуін қорғап қалған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз