Қазан айында әлемде 2,09 млн электрокөлік пен розеткадан зарядталатын гибрид сатылды — бұл бір жыл бұрынғыдан 8%-ға көп. Бұл деректі Benchmark Mineral Intelligence талдау компаниясы жариялады. Ең үлкен өсімді Еуропа берді: онда сатылым 36%-ға артты. Қыркүйекпен салыстырғанда әлемдік сатылым 3%-ға азайған.
Еуропада бір айда мұндай 510 мың көлік сатылды. Толық электрлі модельдерге сұраныс 49%-ға, розеткадан зарядталатын гибридтерге 7%-ға өсті. Германияда электрокөліктердің үлесі сатылымның 45%-ынан асып, Португалияда 55%-ға жетті, ал Ұлыбританияда сатылым 30%-ға артты. Reuters жазғандай, өсімге субсидиялар, жанармайдың қымбаттауы, ЕО-ның экологиялық талаптары және жаңа модельдердің шығуы түрткі болған. Жыл басынан бері Еуропада 4,5 млн электрокөлік пен гибрид сатылды — бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%-ға көп.
Қытай әлі де ең ірі нарық болып отыр — қазанда онда 1,14 млн көлік сатылды, бірақ ел ішіндегі сатылым былтырғымен салыстырғанда 12%-ға төмендеді. Есесіне жеңіл электрокөліктер мен гибридтердің экспорты 600 мыңға жуықтады — бұл айлық рекорд. «Қытайдың ішкі нарығы құлдырап жатса да, бұл өз кезегінде көптеген автоөндірушіні экспортты арттыруға итермеледі», — деді Reuters агенттігіне Benchmark деректер бөлімінің басшысы Чарльз Лестер. Қытайда электрокөліктердің үлесі жаңа рекорд орнатты, бірақ мұның себебі — елдің бүкіл автонарығы одан да жылдам қысқарып жатыр. Осындай жағдайда қазан айында Tesla-ның Қытайдағы сатылымы 2022 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті.
Солтүстік Америкада сатылым 24%-ға өсіп, 130 мыңға жетті — биыл мұндай өсім алғаш рет тіркелді. АҚШ-та шамамен 110 мың электрокөлік сатылды. Алайда өсімнің басты себебі — төмен база: 2025 жылғы қазан электрокөліктерге берілетін федералдық салық жеңілдігі тоқтағаннан кейінгі алғашқы ай болған. Benchmark бағалауынша, АҚШ нарығы «қалпына келген жоқ, тек төменірек деңгейде тұрақтады».
Әлемнің қалған бөлігінде — Қытайдан, Еуропа мен Солтүстік Америкадан тыс елдерде — 300 мың көлік сатылды, бұл былтырғыдан 85%-ға көп. Benchmark мәліметінше, бұл өсім негізінен Қытай экспортының арқасында болды, ал Австралияда сатылым үш еседен астам өсті. Жыл басынан бері әлемде барлығы 17,5 млн электрокөлік пен розеткадан зарядталатын гибрид сатылды — бұл бір жыл бұрынғыдан 5%-ға көп.



