Астананың «Барыс» клубы америкалық қақпашы Хантер Шепардпен қоштасады, оның орнын басатын ойыншы да табылып қойған. Бұл туралы 12 қарашада «Спорт-Экспресс» шолушысы Михаил Зислис хабарлады. Клуб бұл шешімді әзірге ресми түрде жарияламады.
Зислис бұл шешімді қисынды деп атады. «Америкалықтан Астанада әлдеқайда көп нәрсе күткен еді», — деп жазды журналист өзінің Telegram-арнасында. Оның айтуынша, Шепардпен келісімшарт жасасу «клубтың маусымаралықтағы сауатты селекциясындағы жалғыз ірі қателік» болды. Жаңа қақпашының есімін Зислис атамады, алайда ол өте жақын арада, мүмкін сол күні-ақ белгілі болатынын жазды.
КХЛ-дің биылғы тұрақты маусымында 31 жастағы Шепард 13 ойын өткізіп, төрт рет жеңіске жетті, бір мәрте қақпасын таза сақтады. Алайда ол соққылардың небәрі 87,5%-ын қайтарып, әр ойында орта есеппен 3,37 шайба жіберді. Ал оның әріптесі Андрей Шутов 15 ойында соққылардың 93,6%-ын қайтарып отыр, сенімділік коэффициенті – 2,06.
Шепард «Барысқа» 2026 жылдың жазында ауысып, бір маусымға – 2027 жылғы 31 мамырға дейін келісімшартқа қол қойды. Зислистің дерегінше, оның жалақысы маусымына 40 млн рубль, яғни қазіргі бағаммен шамамен 215 млн теңге. Қазақстанға келгенге дейін қақпашы тек Солтүстік Америкада ойнады: мансабының басым бөлігін «Вашингтонның» жүйесінде өткізді, «Херши Беарс» сапында 2023 және 2024 жылдары екі рет Колдер кубогын жеңіп алды, ал өткен маусымда «Оттава» құрамында НХЛ-да бір ойын өткізді.
Оның кетуі туралы әңгіме қазан айында-ақ шыққан. Сол кезде инсайдер Артур Хайруллин «Барыс» ресейлік қақпашы Андрей Кареевпен келіссөз жүргізгенін, бірақ Шепардты жіберуге батылы бармағанын жазды. Кареев ақыры Словакияда келісімшартқа қол қойды. Ал «Барыстың» баспасөз қызметі ол кезде клуб америкалықпен келісімшартты бұзу мәселесін талқылап жатқанын жоққа шығарған еді.
Бұл аралықта «Барыс» қатарынан үш рет жеңілді – «Трактор», «Адмирал» және «Амур» командаларына есе жіберді. Қазір команда 24 ойыннан кейін 25 ұпаймен Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр. Бүгін, 12 қарашада, Астана уақытымен сағат 19:30-да «Барыс» өз алаңында «Адмиралмен» ойнайды. Астаналықтар 6 қарашада Владивостокта осы қарсыласына 2:0 есебімен алда келе жатып, жеңіліп қалған еді.



