Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында 15 қарашада таң алдында Уста Абдухалил көшесіндегі жеке үй өртенді. Өрттен 2013, 2016 және 2018 жылы туған үш қыз бала қаза тапты, олардың әкесі ауыр күйік алды. Бұл туралы Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство дерегінше, өрт туралы хабар 101 қызметіне сағат 04:42-де түскен. Зардап шеккендердің туыстары өрт шамамен сағат 04:00-де басталғанын айтады, яғни құтқарушыларды 40 минуттай өткен соң шақырған. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі 04:45-те жетті, 04:53-те оқиға орнына қосымша күш пен жедел штаб тартылды. Өрт сағат 05:20-да оқшауланып, тек 07:57-де толық сөндірілді. Жалын шамамен 120 шаршы метр аумақты шарпыды.
Kaktus.media өрт болған жерден түсірілген бейнежазбаны жариялады:
Құтқарушылар өрт оқшауланғаннан кейін үйді тексеріп, балалардың денесін тапты. Қыздардың әкесі, 1991 жылы туған ер адамның денесінің шамамен 60 пайызы күйген. Ол Ош облыстық ауруханасына жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша, өрт ас үйдегі электр сымының қысқа тұйықталуынан немесе үйді жылытуға қолданылған электр жылытқыштан шығуы мүмкін. Нақты себебі анықталып жатыр. ТЖМ тұрғындарды қосулы тұрған жылытқыштар мен электр құралдарын, әсіресе түнде, қараусыз қалдырмауға және өрт шыққан бойда 101 немесе 112 нөміріне хабарласуға шақырды: құтқарушыларды уақытында шақырса, адам өмірін аман алып қалуға болады.
Ош үшін бұл алғашқы қасірет емес. 2025 жылғы 22 қазанда Орозбеков көшесіндегі тұрғын үйде шыққан өрттен 34 жастағы әйел мен оның 2 жастан 13 жасқа дейінгі бес баласы қаза тапты. Сол кезде Президент Садыр Жапаров ТЖМ-ге өрттің алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырған еді: күн суыған сайын жеке үйлерде электр құралдары мен жылытқыштардан өрт шығу қаупі артады.



