Қырғызстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша полиэтилен пакеттерді өндіруге, сатуға және тегін таратуға тыйым салынады. Бұл туралы Президент Садыр Жапаров 15 қарашада Ыстықкөл облысының Тоң және Жети-Өгүз аудандарының тұрғындарымен кездесуде еске салды, деп хабарлайды Kaktus.media.
Мәселені Боконбаево ауылының кәсіпкері Эдиль көтерді. 2023 жылы Ыстықкөл облысында полиэтилен пакет сатуға тыйым салынғаннан кейін ол крафт қағаз пакеттер шығаратын өндіріс ашқан. Оның айтуынша, алғашқы бір-екі жылы тыйым сақталды, бірақ мемлекет тарапынан қатаң бақылау болмағандықтан дүкендер қайтадан целлофан пакетке көшкен. Жапаров Ыстықкөлде тыйым сынақ ретінде енгізілгенін, ал екі айдан кейін бүкіл республикада күшіне енетінін айтты. Президент кәсіпкермен кездесуге уәде беріп, мемлекет мұндай өндірістерді қолдайтынына сендірді.
Тыйым Жапаров 2023 жылғы тамызда қол қойған «Полимер үлдірден жасалған пакеттер мен пластик бұйымдардың айналымын шектеу туралы» заңда бекітілген. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елде мұндай пакеттер мен пластик бұйымдарды өндіруге, сатуға және тегін беруге тыйым салынады, сонымен қатар заң оларды елге әкелуге де тыйым енгізеді. Пакеттерден бөлек, тыйым салынған пластик тізіміне бір реттік ыдыс пен тамақ қаптамасы, пластик бөтелкелер, жұмыртқаға арналған бір реттік науалар және кофе капсулалары енген.
Заң бұзғаны үшін айыппұлдар да 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулерге Президент сол 2023 жылы қол қойған:
- пакеттер мен пластик бұйымдарды өндіргені үшін — азаматтарға 10 мың сом (шамамен 114 доллар), компанияларға 28 мың сом (шамамен 320 доллар);
- сатқаны үшін — 3 мың сом (шамамен 34 доллар) және 13 мың сом (шамамен 149 доллар);
- тыйым салынған пакеттер мен бұйымдарды пайдаланғаны үшін — 1 мың сом (шамамен 11 доллар) және 5 мың сом (шамамен 57 доллар);
- сауда мен қызмет көрсету саласында пакетті тегін бергені үшін — алдымен ескерту, ал бір жыл ішінде қайталанса, 1 мың және 5 мың сом.
Ыстықкөлге демалуға баратын қазақстандықтар үшін бұл талап жаңалық емес: облыстың курорттық аймағында пакеттер мен пластик бұйымдардың айналымына 2023 жылдан бері тыйым салынған. Қаңтардан бастап шектеу бүкіл елге, соның ішінде Бішкек пен Ошқа да таралады. Елге әкелуге салынған тыйым Қырғызстанға шетелден пакет жеткізетіндерге де қатысты.



