Алғашқы «Еуровидение Азия» байқауында 19 жастағы филиппиндік әнші Carmelle ағылшын және тагал тілдеріндегі «Sobra-Sobra» («Тым көп») әнімен жеңіске жетті. Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) хабарлауынша, финал 14 қарашада Бангкоктағы One Bangkok Forum залында өтті.
Carmelle 211 ұпай жинады: кәсіби қазылар алқасынан 93, көрермендерден 118 ұпай алып, екі дауыс беруде де бірінші болды. Екінші орынды байқауды қабылдаушы ел — тайлық MANG x DAOU дуэті «Aroma» әнімен (170 ұпай), үшінші орынды вьетнамдық әнші Tóc Tiên «EM TIÊN» әнімен (164 ұпай) иеленді. Алғашқы бестікке Малайзия мен Лаос та енді.
Финалда 11 елдің өнерпаздары өнер көрсетті: Бангладеш, Бутан, Вьетнам, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Моңғолия, Непал, Таиланд, Филиппин және Оңтүстік Корея. Олар он жергілікті тілде және ағылшын тілінде ән салды. Қорытынды нәтиженің жартысын ұлттық қазылар алқасы, жартысын көрермендер анықтады, дауыстар 183 ел мен аумақтан түсті. Шоуды тайлық тележұлдыздар Вуди Милинтачинда мен Синди Бишоп жүргізді, ал жүлдені жеңімпазға мамырда «Bangaranga» әнімен негізгі «Еуровидение» байқауында жеңген болгар әншісі DARA табыстады.
EBU жеңімпазды жариялаумен бірге финалдан бейнежазба жариялады:
«Carmelle мен Филиппинді „Еуровидение Азия“ тарихындағы алғашқы жеңімпаз атануымен құттықтаймыз. Қандай тарихи жетістік!» — деді «Еуровидение» директоры Мартин Грин. Оның айтуынша, алғашқы азиялық байқау «Еуровидениенің» 70 жылдық тарихындағы маңызды белес болды.
Қатысушылар арасында Қазақстан болған жоқ. Көктемде «Хабар» агенттігі байқауға шақыру алғанын хабарлаған, ал Мәдениет және ақпарат министрлігі қатысу мәселесі зерделеніп жатқанын айтқан.
Carmelle (толық аты — Кармелл Колладо) телевизиялық байқаулар арқылы танылды: ол балаларға арналған The Voice Kids шоуында екінші орын алып, Tawag ng Tanghalan таланттар шоуында жеңді, Pinoy Big Brother реалити-шоуына да қатысты. «Еуровидение Азияға» ол Филиппиннің ұлттық іріктеуі арқылы өтті. EBU байқаудың азиялық нұсқасын іске қосатынын 2026 жылғы наурызда, негізгі «Еуровидениенің» 70 жылдығы аталып өтетін жылы жариялады.



