13 қарашадан бастап Маңғыстау облысының жедел жәрдем бригадалары шақыртуға бейнежетонмен шығып жүр. Медиктің киіміне бекітілген шағын камера шақырту кезінде болған жағдайдың бәрін жазып алады. Қызмет мұны жедел жәрдем қызметкерлерін де, науқастарды да қорғау үшін енгізген.
Өңірлік жедел медициналық жәрдем қызметінің хабарлауынша, бейнежетон Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен енгізілді. Оған денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығымен бекітілген жедел медициналық көмек көрсету қағидаларының 47-тармағы негіз болды. Басты мақсат – шақыртуға барған медиктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жанжалдың алдын алу және медициналық көмек көрсетуге қатысатын барлық тараптың заңды мүддесін қорғау.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақтелеком» мәліметінше, мұндай құрылғыда камера, GPS және SOS түймесі бар. Медикке қауіп төнсе, дабыл бейнежазбамен бірге полицияға жетеді. Кезекшілік аяқталған соң жазбалар қорғалған дерекқорға өздігінен жүктеледі.
Медиктерге бейнежетон беру туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қостанай облысында фельдшерге шабуыл жасалғаннан кейін айта бастады. Оны алғаш Астана мен Алматының бригадалары алды: пилоттық жоба 2025 жылғы маусымда басталды. 2026 жылғы маусымда Шымкенттің бригадалары смарт-бейнежетонмен жабдықталды. Қыркүйекте «Қазақтелеком» жыл соңына дейін елде 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам қызметкер бейнежетонмен қамтылатынын хабарлады.
Маңғыстауда жедел жәрдем жаңа ғимаратта жұмыс істейді: Ақтаудағы облыстық станция 2026 жылғы ақпанда ашылды. Ол жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсетуге есептелген.



