Перу үкіметі елге «Лев XIV Папаның жері» (Tierra del Papa León XIV) деген ресми атақ берді. № 017-2026-JUS жоғарғы декретті 14 қарашада Перудің ресми El Peruano газеті жариялады. Құжат понтифик 40 жылдан астам өмір сүрген еліне Рим Папасы ретінде алғашқы сапарымен келген кезде шықты. Оған Перу президенті Кейко Фухимори, Министрлер кеңесінің төрағасы Луис Гальярета және әділет министрі Эрнесто Альварес қол қойды.
Декретте бұл атақ Папаның перуліктермен 40 жылдан астам пасторлық, азаматтық және қоғамдық байланысына, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға қызмет еткеніне алғыс белгісі екені айтылған. Құжат понтификтің үйі деп атаған Чиклайо қаласы «Адал халық» (Pueblo Fiel) деген құрметті атаққа ие болды: Лев XIV 2025 жылғы 8 мамырда сайланғаннан кейінгі алғашқы Urbi et Orbi үндеуінде бұрынғы епархиясының тұрғындарын осылай атаған. Чиклайо 1835 жылдан бері иеленіп келе жатқан «Қаһарман қала» деген тарихи атақ сақталады, ал қаланың толық атауы енді «Қаһарман қала және Адал халық Чиклайо» болып айтылады. Перу Әділет министрлігіне бұрыннан бөлінген бюджет шеңберінде ынтымақ пен осал топтарды қорғау туралы форумдар мен бағдарламалар өткізу тапсырылды.
Сол күні Лев XIV тікұшақпен Перудің солтүстігіндегі Анд тауларында орналасқан Санта-Крус-де-Сукчабамба қалашығына барды. Онда 6 мыңға жуық адам тұрады. Ватикан деректеріне қарағанда, мессаға 20 мыңға жуық діндар жиналған, олардың көбі алыстан келген. Папа уағызында тұрғындардың жағалаудағы қалаларға көшіп кетуі, туу деңгейінің төмендеуінен ауылдардың босап қалуы және табиғи ресурстардан түсетін табысты әділ бөлу туралы айтты. Vatican News понтификтің мына сөзін келтіреді: «Өзімшілдік, әділетсіздік пен зұлымдық қатыгездікпен емес, дұғамен, сабырмен және бұрыс нәрсені әшкерелеудегі табандылықпен жеңіледі».

Кешке Папа Саньядағы әулие Торибио де Могровехо киелі орнында дұғалық кездесу өткізіп, әулиенің канонизацияланғанына 300 жыл толуына арналған мерейтойлық жылды жапты. Vatican News хабарлауынша, Санья мұнда құлдыққа айналдырылған африкалықтардың көптеген буынының жадын сақтап отыр, ал Лев XIV олардың ұрпақтарына ерекше сүйіспеншілігі мен жақындығын білдірді. Ол құлдыққа түскендердің көбі зор азап пен қорлық көргенін еске салды. Папа өңірдің бүгінгі тұрғындарына да үн қатты: «Бұл жердегі көптеген отбасы қылмыстан, рэкеттен және белгісіздіктен зардап шегіп жүргенін білемін». «Сіздерден бірлікті сақтауды, бір-біріңізге қамқор болуды және өзгенің қасіретіне ешқашан үйреніп кетпеуді сұраймын», — деді ол.
Саньядағы дұғалық кездесудің жазбасын Ватикан жариялады:
Сапар жалғасып жатыр. Қасиетті Тақтың бағдарламасына сәйкес, 15 қарашада Папа Куско қаласындағы Саксайуаман археологиялық паркінің жанында діндарлармен кездеседі (Астана уақытымен сағат 20:30-да) және сонда «Ангелус» дұғасын оқиды (сағат 21:45-те). Одан кейін ол Амазония өңіріндегі Пукальпа қаласына ұшып, миссионерлермен және байырғы халықтардың өкілдерімен кездеседі. Пукальпадағы месса Астана уақытымен 16 қарашада сағат 02:45-те басталады. Дүйсенбі, 16 қарашада Лев XIV Лимада месса өткізіп (Астана уақытымен сағат 20:30-да), Римге ұшады. Ол Римге 17 қарашада жетеді.
Лев XIV-тің шын аты-жөні – Роберт Фрэнсис Превост. Ол Чикагода туған, 1985 жылы Перуге миссионер ретінде келген, 2015 жылы Перу азаматтығын алып, 2023 жылға дейін Чиклайо епархиясын басқарған. 13 қарашада Папа Чиклайоға оралды, онда оны 1,5 млн-ға жуық адам қарсы алды. Уругвай, Аргентина және Перуге жасалған сапар – оның Рим Папасы ретінде Латын Америкасына алғашқы сапары. 2026 жылғы мамырда Лев XIV алғашқы Magnifica Humanitas энцикликасында XV ғасырда папалық жарлықтар еуропалық билеушілерге христиан емес халықтарды құлдыққа айналдыруға рұқсат бергені үшін Шіркеу атынан кешірім сұрады.



