Мазмұнға өту

ХҚС Ауғанстандағы АҚШ әскерилеріне қатысты тергеуді жапты

Сот прокуратурасы шешімге шағым түсірді, ал талибтердің 2021 жылдан кейінгі қылмыстары бойынша іс бөлек жалғасады.

Госсекретарь США Марко Рубио выступает с трибуны на конференции юристов в Вашингтоне
Фото: AFP

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) судьялары Ауғанстан бойынша тергеудің американ әскерилерінің ықтимал қылмыстарына қатысты бөлігін жапты. Енді сот 2021 жылы билікке келген «Талибан» қозғалысының әрекеттерін ғана тексереді. Шешім 12 қарашада қабылданып, 13 қарашада жария етілді. Бұл туралы AP және Reuters агенттіктері сот құжаттарына сілтеме жасап хабарлады.

Американ бағытымен бірге «Ислам мемлекетінің» ауған тармағы – «Хорасан уәлаятына» қатысты тергеу де жабылды. Судьялар шешімін прокуратураның тергеу жүргізіп, дәлел жинау мүмкіндігі «едәуір шектеулі» болуымен түсіндірді. Істің АҚШ-қа қатысты бөлігі 2021 жылдан бері іс жүзінде бір орында тұрған.

ХҚС прокуратурасы агенттіктерге шешімге шағым түсіргенін айтты, бірақ толық мәлімет бермеді. Талибтердің қылмыстары бойынша тергеу жеке іс ретінде бөлініп, жалғаса береді, бұрын берілген ордерлер күшінде қалады. Сот бұған дейін қозғалыстың төрт басшысын тұтқындауға ордер берген: олар адамзатқа қарсы қылмыс – әйелдер мен қыздарды гендерлік негізде қудалады деп айыпталып отыр.

Шешім Вашингтонның сотқа қысымы күшейген тұста шықты. АҚШ ауған тергеуі мен израильдік шенеуніктерді тұтқындау ордерлері үшін ХҚС-тың қазіргі және бұрынғы 13 қызметкеріне санкция салған. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін: «Президент Трамп Халықаралық қылмыстық соттың американдықтарды қудалауына ешқашан жол бермейді», – деп мәлімдеген. Ал қазан айында ол АҚШ сотты «кірпішін бір-бірлеп» бұзу науқанын жалғастыратынын айтты. Жаңа шешім Вашингтонның ұстанымын өзгерте ме, жоқ па – әзірге белгісіз.

АҚШ ХҚС-қа мүше емес және оның юрисдикциясын мойындамайды. Алайда сот жарғысына сәйкес, ол қатысушы елдердің аумағында ауыр қылмыс жасады деп айыпталған кез келген адамды жауапқа тарта алады, ал Ауғанстан Рим статутына 2003 жылы қосылған. Ауғанстан бойынша тергеу 2020 жылы басталып, 2002 жылдан бергі үкімет күштерінің, талибтердің, американ әскерилері мен Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) қызметкерлерінің әрекеттерін қамтыды. 2021 жылы сол кездегі прокурор Карим Хан дәлел жинаудың қиындығын алға тартып, американ бөлігін екінші кезекке ысырды. Биыл Хан жыныстық қысым көрсетті деген айыптарға байланысты қызметінен шеттетілді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз