OpenAI 13 қарашада ChatGPT Wallet қызметін іске қосты. Бұл – ChatGPT ішіне орнатылған әмиян: компанияның ЖИ-агенттері енді тауар таңдауға көмектесіп қана қоймай, сатып алуды өздері рәсімдейді. ChatGPT-дағы агенттер dots деп аталады. Олар адамның үнемі нұсқау беруінсіз бір тапсырмамен ұзақ жұмыс істей алатын көмекшілер. Бұған дейін агенттер тауарды тауып, салыстыра алатын, енді тапсырысты төлемге дейін жеткізеді.
Картаны әмиянға бір рет қосу жеткілікті. Әр сатып алу алдында ChatGPT тауарлар тізімін, жалпы соманы және ақша есептен шығарылатын картаны көрсетеді, ал пайдаланушы төлемді Face ID немесе саусақ ізі арқылы растайды. Картаның нақты деректері агентке де, дүкенге де берілмейді: Visa, Mastercard және American Express әр мәмілеге төлем токенін шығарады. Токен – өз қауіпсіздік коды бар, карта нөмірін алмастыратын нөмір. Жеткізу мекенжайы мен байланыс деректерін дүкен агенттен алады. OpenAI-дың айтуынша, картадағы бонустар мен кешбэк сақталады, операцияға банк арқылы шағым беру мүмкіндігі де қалады.
Әзірге қызмет АҚШ-тағы 18 жастан асқан ChatGPT Pro жазылушыларының шектеулі тобына ғана қолжетімді және тек американдық банктер шығарған карталармен жұмыс істейді. ChatGPT Wallet Қазақстанда қолжетімсіз: компания басқа елдерде іске қосу жоспары мен мерзімі туралы ештеңе хабарламады.
Алдағы уақытта OpenAI агенттерге көбірек дербестік бермек. Пайдаланушы шығын лимитін, тауар санаттары мен мерзімді алдын ала белгілей алады, сол шектерде агент бөлек растаусыз сатып ала береді. Компания дүкендер тізімін де кеңейткісі келеді, бірақ бұл оңай емес: TechCrunch хабарлауынша, кей ретейлерлер ЖИ-агенттерді өз сайттарына жібермейді, олардың ең ірісі – Amazon. OpenAI сатушыларға арнап Commerce Partner Playbook нұсқаулығын шығарды. Онда агенттер арқылы жасалатын сатып алу іркіліссіз өтуі үшін сайт пен төлем жүйелерін қалай баптау керегі түсіндірілген.
Бұл – OpenAI-дың ChatGPT-ды сатып алуға үйретудегі екінші әрекеті. The Decoder жазғандай, компания алғашқы нұсқасы – чаттың ішінде төлеуге арналған Instant Checkout функциясын икемсіз болғандықтан тоқтатқан. Бәсекелестер бұл жолда озып кетті: Anthropic-тің Claude Duet, Meta-ның Muse және xAI-дың Grok Bot агенттері сатып алуға төлей алады, Google мен Perplexity-де де өз төлем қызметтері бар. OpenAI dots агенттерін қыркүйектің соңында таныстырған.



