Өскемендегі жаңа жол айырығының Есенберлин даңғылы бағытындағы бөлігінде көлік қозғалысы бұрын уәде етілгендей қарашада емес, мамырда ашылады. Бұл учаскедегі жұмыс көктемге дейін тоқтатылды: технология бойынша суықта асфальт төсеуге болмайды. Бұл туралы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер — «Vk development group» ЖШС хабарлады.
Мердігердің бас инженері Владимир Титаренко YK-news сайтына суықтың түсуіне байланысты бұл бағыттағы құрылыс толық тоқтатылғанын айтты. Жұмысты сәуір-мамырда қайта бастап, көлікті мамырда жүргізу жоспарланып отыр. ШҚО әкімдігі 3 қарашада жол өтпесінің бұл бөлігінде техникалық қозғалыс қараша айының соңына дейін ашылатынын мәлімдеген еді.
Сәтбаев даңғылы бағыты 3 қарашадан бері техникалық режимде жұмыс істеп тұр: оны қала тұрғындарының өтініші бойынша ертерек ашқан. Нысан пайдалануға берілмегендіктен, жол өтпесінде жылдамдық сағатына 40 шақырыммен, сақинада 30 шақырыммен шектелген. Қазір мұнда деформациялық тігістер жол өтпесінің әр жағына кезекпен орнатылып жатыр. Тігістер Еуропадан жеткізілетіндіктен, жұмыс созылып кетті: басқарманың өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Гүлдана Ермекованың айтуынша, жеткізу мерзімін халықаралық тасымал, кедендік рәсімдеу және басқа да міндетті рәсімдер кешіктірген. Қазір барлық материал жеткізілді. Мердігер шамамен келесі аптаның соңына қарай тігістер орнатылып жатқан бөлікте қозғалысты ашып, қарама-қарсы жаққа өтуді көздеп отыр. Онда жұмыс 15 күндей уақыт алады.

Келесі жылы кесте бойынша жол айырығына асфальттың соңғы қабаты төселіп, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдері жасалады, сыртқы жарықтандыру жұмыстары аяқталады.
Жол айырығы Сәтбаев даңғылы, Жібек жолы мен Базовая көшелері және Есенберлин даңғылының қиылысында салынып жатыр. Бұл — қаладағы көлік ең көп жүретін тораптардың бірі. Жоғарғы деңгейі көліктерді Сәтбаев даңғылымен бағдаршамсыз өткізеді, ал төменгі деңгейі сақина арқылы бес бағытты байланыстырады. Құны 36 млрд теңге болатын жоба есеп бойынша қиылыстың өткізу қабілетін тәулігіне 85 мыңнан 200 мыңнан астам көлікке дейін арттырады.



