Мазмұнға өту

Формула-1: FIA тілшісін шеттеткен соң Daily Mail жарыстарды бойкоттады

FIA Джонатан Макэвойдың Шарль Леклер туралы авторлық мақаласы кәсіби стандарттарға сай келмеді деп мәлімдеді, ал журналистің өзі шеттетілуіне «Феррари» басшысы Фредерик Вассёрды кінәлады.

Пилот «Феррари» Шарль Леклер

Британдық Daily Mail газеті 2026 жылғы маусымның соңына дейін «Формула-1» жарыстарын бойкоттайтынын жариялады. Басылым қалған үш кезеңде — Лас-Вегаста, Катарда және Әбу-Дабиде — жарыстар мен баспасөз мәслихаттары туралы жазбайды. Газет осылайша Халықаралық автомобиль федерациясының (FIA) өз тілшісі Джонатан Макэвойды аккредитациядан айыру шешіміне жауап берді. Макэвой «Формула-1» туралы 20 жылдан астам уақыт жазып келеді.

Макэвой шеттетілгенін 12 қарашада, бейсенбі күні, FIA өкілі Альберто Вильярреалдың хатынан білген. Оған 4 қарашада жарияланған авторлық мақаласы себеп болды: онда журналист «Феррари» пилоты Шарль Леклерді «сұмпайы кішкентай оңбаған» деп атаған. Мақала Мехико Гран-приінен кейін шықты. Сол жарыста Леклер мен оның командаласы Льюис Хэмилтон бірінші айналымда позицияны бөлісе алмады, ал Хэмилтонның өзі кейін Леклерді сынап, осы эпизод салдарынан «Феррари» дубль жасай алмады деп санаған. Кейін Макэвой өз мақаласын «Хэмилтонды қолдайтын жартылай әзіл мақала» деп атады.

FIA шешімін қорғап отыр. Федерацияның мәлімдемесінше, Макэвойдың мақаласы аккредитациясы бар журналистерден «күтілетін кәсібилік стандарттарына жетпеді». FIA-ның айтуынша, аккредитация ережелері оны ескертусіз қайтарып алуға мүмкіндік береді, ал Daily Mail жарыстарға басқа тілшісін жібере алады. Макэвойдың сөзінше, оған аккредитацияны келесі маусымда қайтарамыз деп уәде берген, бірақ федерация мұны ашық түрде растаған жоқ.

Daily Mail жазаны «аса қатал» деп атады. Газеттің спорт редакциясының басшысы Крис Дин мұны «баспасөз бостандығына жасалған бұрын-соңды болмаған әрі ашу тудыратын шабуыл» деп бағалап, журналистің аккредитациясын дереу қайтаруды талап етті. «FIA пилотты жұмсақ әрі негізді сынағаны үшін осыншама қатаң жауап берсе, біз қауіпті аймаққа қадам басып отырмыз», — деді ол. Федерацияның шешімін Ұлыбританияның Редакторлар қоғамы да айыптады: оның пікірінше, жарияланған сын үшін аккредитацияны қайтарып алу тәуелсіз спорт журналистикасына қауіп төндіреді.

Тыйымнан кейін Макэвой жаңа мақаламен жауап берді. Онда ол FIA шешімінің артында «Феррари» басшысы Фредерик Вассёр тұр деген болжам айтып, оны «томпақ, түкке тұрғысыз кішкентай адам» деп атады. «Феррари»-дегі дереккөз The Athletic басылымына Вассёрдың журналистке шағым түсірмегенін айтты.

Маусымның келесі кезеңі — Лас-Вегас Гран-приі — 19–21 қарашада өтеді. Биылғы чемпиондық атақты «Мерседес» пилоты Андреа Кими Антонелли мерзімінен бұрын жеңіп алған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз