Мазмұнға өту

Binance барлық активтерді шығаруды келесі аптаның соңына дейін ашпақ

Биржа 87 желіде қаражат шығаруды қайта ашты. АҚШ Әділет министрлігі ұрланған қаражаттың 2,7 млрд доллардан астамы бұғатталғанын хабарлады, ал АХҚО реттеушісі Binance Kazakhstan-нан түсініктеме сұрады.

Логотип криптобиржи Binance
Фото: Wikimedia Commons

Криптобиржалар тарихындағы ең ірі бұзудан зардап шеккен Binance келесі аптаның соңына дейін қалған барлық желілер мен активтер бойынша қаражат шығаруды қайта ашуды көздеп отыр. Бұл туралы компания 14 қарашада X әлеуметтік желісінде хабарлады.

«Осы аптада біз 87 желіде қаражат шығаруды қайта аштық. Қалған барлық желілер мен активтер бойынша шығаруды келесі аптаның соңына дейін қайта ашуға тырысамыз. Шыдамдылығыңыз бен түсіністігіңіз үшін рахмет», – делінген биржа хабарламасында.

https://x.com/binance/status/2121452596171010552

Хакерлер 29 қазанда Binance-тен 6,3 млрд доллар (шамамен 2,8 трлн теңге) ұрлаған. Reuters хабарлауынша, биржа ұрланған қаражаттың 95%-ын өтеп қойған. ФБР мен Binance шабуылды Солтүстік Кореяның TraderTraitor тобымен байланыстырады, Пхеньян оған қатысы барын жоққа шығарады. Агенттік деректері бойынша, шабуыл бірнеше кезеңнен тұрған және маусымда басталған. Сондай-ақ компанияның қаржы директоры ауысты: Кайзер Нгтің (Kaiser Ng) орнына бұрын Airwallex төлем компаниясында қаржы жөніндегі вице-президент болған Джастин Йек (Justin Yek) келді.

12 қарашада АҚШ Әділет министрлігі мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың бірлескен күшімен Binance-тен ұрланған қаражаттың 2,7 млрд доллардан астамы (шамамен 1,2 трлн теңге) бұғатталғанын хабарлады. Ведомство осы соманың 1,2 млрд доллардан астамын (шамамен 533 млрд теңге) тәркілеуге немесе оған тыйым салуға сот рұқсатын алған. «Солтүстік Корея режимі өздерін тәжірибелі киберқылмыскерлер санауы мүмкін, бірақ біз оларға үнемі тойтарыс беріп келеміз, бұл жолы да олар ұрлаған 1,2 млрд доллардан астам активті тәркіледік», – деді Колумбия округінің прокуроры Жанин Феррис Пирро. Министрлік хакерлер ұрланған қаражатты криптовалюта көпірлері, миксерлер мен биржалар арқылы жылыстатуды жалғастырып жатқанын да атап өтті.

Қазақстанда биржаның жергілікті платформасы – АХҚО лицензиясы бар Binance Kazakhstan (BN KZ Technologies Limited) жұмыс істейді. Шабуылдан кейін орталықтың реттеушісі AFSA компаниядан түсініктеме сұрады. «Оқиғаға байланысты AFSA компаниядан тиісті түсініктемелер сұратты және ұсынылған ақпаратты жергілікті платформа қызметі мен оның клиенттерінің мүддесіне ықтимал тәуекелдер тұрғысынан бағалап жатыр», – деді агенттікте. АХҚО-да сондай-ақ қазақстандық пайдаланушылардың қаражаты зардап шекпегенін, клиенттік активтер биржаның өз қаражатынан бөлек сақталатынын мәлімдеді.

Осы кезде криптовалюта нарығы қысымда қалып отыр: биткоин 67 мың доллардан төмен түсіп, алтыншы апта қатарынан арзандауға бет алды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз