Хакерлер Binance криптобиржасының «ыстық» әмияндарынан шамамен 6,3 млрд доллар шығарып алды. Шабуыл әлемдік уақытпен 29 қазан кеші, Астана уақытымен 30 қазанға қараған түні басталды. Бұл – криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық. Бұған дейінгі рекорд 2025 жылы Bybit биржасынан ұрланған 1,5 млрд доллар болатын. Binance қаражат шығаруды тоқтатып, клиенттердің шығынын толық өтейтінін мәлімдеді.
Биржа мәліметінше, қаскөйлер алдымен оның Ethereum желісіндегі негізгі әмиянына шабуыл жасап, кейін он блокчейндегі «ыстық» әмияндарды босатып кеткен. Ең көп қаражат Ethereum желісінен ұрланды – шамамен 3,74 млрд доллар. Тағы 1,47 млрд доллардай 18 270 биткоинға, 627 млн доллардай TRON желісіндегі USDT мен TRX-ке тиесілі. Solana, Arbitrum және Avalanche желілерінен де аз сомалар шығарылған.
Алдын ала тексеру нәтижесінде хакерлер инженердің бұзылған ноутбугы арқылы ішкі инфрақұрылымға қол жеткізіп, аударымдарды мақұлдай алғаны анықталды. Binance мәлімдемесіне қарағанда, әмияндардың жеке кілттері жария болмаған. Биржа құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр, тергеу аяқталған соң толық техникалық талдау жариялайтынын айтты.
Ұрланған қаражаттың шамамен 2,8 млрд долларын биржаның серіктестері, соның ішінде Tether, Circle, Ripple және Paxos компаниялары бұғаттады. Tether басшысы Паоло Ардоино компания бұзуға қатысты 1,6 млрд долларға жуық қаражатты бұғаттағанын хабарлады. Binance негізін қалаушылардың бірі әрі тең төрағасы И Хэ қаражат шығару 48 сағат ішінде қайта іске қосыла бастайтынын айтты.
TRM Labs талдау компаниясы шабуылды жоғары сенімділікпен Солтүстік Кореяның TraderTraitor хакерлер тобымен байланыстырды. Бұл топ Bybit-ті бұзуға жауапты деп саналатын Lazarus Group құрылымына жатқызылады. Binance бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Бұзу туралы хабардан кейін биткоин шамамен 5–7%-ға арзандап, 77 мың доллардан төмен түсті. Binance – активтер көлемі бойынша әлемдегі ең ірі криптобиржа: CoinMarketCap бағалауынша, онда шамамен 155 млрд доллар сақтаулы. Биржаны 2017 жылы CZ деген атпен танымал Чанпэн Чжао құрған. Ол қазір компанияны басқармайды, бірақ оның ең ірі акционері болып қала береді.



