Қазақстандық еркін күрес балуаны Осимжан Дастанбек Астанадағы әлем чемпионатында 65 келіге дейінгі салмақта медаль үшін күрестен шықты. 30 қазанда екінші жұбаныш белдесуінде ол ирандық Рахман Амузадқа 0:11 есебімен жеңілді.
Амузад — осы олимпиадалық салмақтағы ең мықты балуандардың бірі. Ол 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2022 және 2025 жылдардағы әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы. Қола медаль үшін ирандық балуан болгариялық Шамиль Мамедовпен белдеседі.
Жұбаныш кезеңін Дастанбек сенімді бастады: алғашқы кездесуде моңғол Зенеемедер Бямбасурэнді 11:0 есебімен ұтты. Тағы бір жеңіс қазақстандық балуанды үшінші орын үшін белдесуге шығаратын еді.
Жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығын Дастанбек бір күн бұрын алды: 1/8 финалда оны 2:1 есебімен жеңген армениялық Вазген Теванян финалға шықты. UWW ережесі бойынша финалистерге жеңілген балуандар қола үшін күресуге мүмкіндік алады. Чемпионатты Дастанбек украиналық Андрей Джелепті 3:1 есебімен жеңуден бастаған.
Үй алаңындағы әлем чемпионаты «Барыс Аренада» 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтеді. Бұған дейін 97 келіде әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан қола үшін күресу мүмкіндігінен айырылды, ал 72 келіде Жамила Бақбергенова қола үшін белдесуде жапон балуанына жеңілді.



