Қазақстандық балуан Жамиля Бақбергенова Астанадағы күрестен әлем чемпионатында жүлдесіз қалды. 29 қазанда 72 келіге дейінгі салмақтағы қола медаль үшін белдесуде ол жапониялық Махиро Ёситакеге 4:6 есебімен жол берді.
Бақбергенова 4:3 есебімен алда келе жатқан еді, алайда жапон балуаны әдіс жасап, жеңісті жұлып алды.
Ёситаке қола үшін белдесуге жұбаныш кездесулері арқылы жетті. Алғашқы айналымда ол моңғолиялық Болортунгалаг Зоригтты техникалық басымдықпен мерзімінен бұрын жеңді, кейін қытайлық Ли Цзелуге 4:9 есебімен ұтылды. Ли финалға шыққан соң жапон балуаны жұбаныш кездесулеріне қатысу құқығын алып, онда ресейлік Ксения Буракованы 4:1 есебімен жеңді.
Бақбергенова турнирді Молдовадан келген Эмилия Кречунды 13:2 және украиналық Надежда Соколовскаяны 9:1 есебімен сенімді жеңуден бастап, жартылай финалға шықты. Онда ол Ли Цзелуге 2:4 есебімен жеңілді. Әйелдер күресінде жартылай финалда жеңілген балуандар қола үшін жұбаныш кездесулерінің жеңімпаздарымен белдеседі, сондықтан әр салмақта екі қола медаль табысталады.
30 жастағы Бақбергенова — Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. 72 келіге дейінгі салмақта ол әлем чемпионаттарында 2021, 2022 және 2024 жылдары күміс, 2023 жылы қола жеңіп алған, бірақ әлем біріншілігінің алтыны әлі жоқ. Елордада 2019 жылы өткен әлем чемпионатында да ол қола үшін белдесуге шығып, онда жеңілген еді.
Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Аренада» өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге төрт қола медаль бар: ерлер күресінде оларды Исхар Курбаев, Айдос Сұлтанғали және Бағдат Сабаз, әйелдер күресінде Зейнеп Баянова жеңіп алды. 30 қазанда Алтын Шағаева қола үшін күреседі, ал Осимжан Дастанбек жұбаныш кездесулерінде белдеседі.



