Қазақстандық балуан Алтын Шағаева Астанадағы күрестен әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіліп, қола медаль үшін күресін жалғастырады. 29 қазанда 59 келіге дейінгі салмақта ол үнділік Манишаға 0:10 есебімен есе жіберді. Маниша финалға шықты, ал Шағаева 30 қазанда үшінші орын үшін белдеседі.
Кездесу мерзімінен бұрын аяқталды: күресте 10 ұпай айырмашылық айқын басымдықпен жеңісті білдіреді. Қола медаль үшін белдесудегі қарсыласы жұбаныш кездесулерінің қорытындысымен анықталады. Онда финалистерге жеңілген балуандар бақ сынайды.
Турнир алдында қазақстандық балуан Біріккен күрес әлемі (UWW) рейтингінде 34-орында тұрған. Бұған дейін 1/8 финалда ол түркиялық Бедиха Гюнді 3:1 есебімен жеңген. Қарсыласы әлемдік рейтингте бесінші орында тұр және Еуропа чемпионаттарында бес рет жүлдегер атанған. Ширек финалда Шағаева поляк Йовита Вжесеньді ұтты — 5:1.
Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионаты Астанадағы «Барыс Аренада» 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтіп жатыр. Сол күні АҚШ-тан шыққан олимпиада чемпионы Кайл Снайдер Абдулрашид Садулаевты жеңді. Осылайша жарыстың басында ресейлік балуанға жеңілген Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақта қола үшін күресу мүмкіндігінен айырылды.



