Мазмұнға өту

Шағаева үй алаңындағы әлем чемпионатында ширек финалға шықты

Қазақстандық балуанның қарсыласы түркиялық Бедиха Гюн UWW рейтингінде бесінші орында тұр және Еуропа чемпионаттарында бес рет жүлдегер атанған.

Алтын Шагаева на чемпионате мира по борьбе в Астане

Қазақстандық балуан Алтын Шағаева Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында 59 келіге дейінгі салмақта ширек финалға жолдама алды. Ол 29 қазанда 1/8 финалда түркиялық Бедиха Гюнді 3:1 есебімен жеңді.

Рейтинг бойынша бұл белдесуде қарсыласы басым саналды: Біріккен күрес әлемі (UWW) тізімінде Гюн бесінші, Шағаева 34-орында тұр. Түркиялық спортшы 2025 жылғы Еуропа чемпионатында 59 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде алған. Құрлық біріншілігінің тағы төрт қола медалін ол 55 келіде жеңіп алған. Сондай-ақ Гюн Жерорта теңізі ойындарында екі рет топ жарған.

Чемпионат кестесіне сәйкес, 59 келіге дейінгі салмақтағы іріктеу белдесулері мен жартылай финал 29 қазанда, ал финал мен қола жүлде үшін белдесулер 30 қазанда өтеді.

55 келіге дейінгі салмақта күрескен тағы бір қазақстандық Лаура Алмағанбетова жапониялық Нагиса Харадаға 0:8 есебімен жеңіліп, ширек финалға өте алмады.

Күрестің барлық түрінен әлем чемпионаты Астанадағы «Барыс Аренада» 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтеді. Қазақстан құрамасында еркін күрестен әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан мен Нұрқожа Қайпанов бар. Бұған дейін 97 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айтмұхан Садулаевқа жеңілді, ал әйелдер күресінде Кузнецова жүлдесіз қалды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз