Мазмұнға өту

Rockstar Майамидегі GTA VI жарнамасына 3,9 млн доллар жұмсайды

Ойын Майамидің әуежайы мен теңіз портында арнайы жарық, көліктегі жарнама және бағдаршам шкафтарын безендіру арқылы насихатталады.

Вайс-Сити — вымышленный аналог Майами в игре Grand Theft Auto VI
Скриншот: Rockstar Games

АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами-Дейд округінің билігі Rockstar Games компаниясымен шамамен 3,9 млн долларлық жарнама пакетін жариялады. Ұлттық банк бағамы бойынша бұл – шамамен 1,78 млрд теңге. Майамидің әуежайы, теңіз порты мен қалалық көлігі Grand Theft Auto VI ойынын 19 қарашада шыққанға дейін насихаттайды. Келісім туралы 28 қазанда округ мэрі Даниэлла Левин Кава хабарлады.

Майами кездейсоқ таңдалған жоқ. GTA VI оқиғасы Флорида үлгісімен жасалған ойдан шығарылған Леонида штатында өтеді, ал ойындағы басты қала Вайс-Сити Майамиге ұқсайды.

Пакетке Rockstar-мен жасалған келісім және жеке жарнама сатып алу кіреді. Соңғысы Майами халықаралық әуежайы мен округтің көлік жүйесіндегі жарнама орындарын сататын компаниялар арқылы жүзеге асады. Мыналар жоспарланып отыр:

  • әуежай мен PortMiami теңіз портындағы тақырыптық жарық;
  • әуежай тұрағынан терминалдарға апаратын жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жарнама құрылғылары;
  • бағдаршамды басқаратын шкафтардың бір бөлігін ойын стилінде безендіру.

Жарнаманы орнату, күтіп-ұстау және бөлшектеу шығынын Rockstar төлейді. Барлық макетті округ әлі мақұлдауы керек: олар округтің жарнама мазмұнына қойылатын талаптарына сай болуға тиіс.

Жалпы сомаға 975 мың долларлық (шамамен 446 млн теңге) қолданыстағы келісім де кірді. Бұл – округке тиесілі Kaseya Center аренасының төбесіндегі «Welcome to Vice City» деген қызғылт жазу. Билік бұл қаржыны Дэн Пол Плаза алаңындағы қоғамдық саябақты абаттандыруға жұмсайды.

«Бұл келісімдер ойынға деген қызығушылықты қауымдастығымыз үшін қосымша табысқа айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Левин Кава.

Майами мен Майами-Бич қалаларының билігі ойын жарнамасын бөлек орналастырып қойған. Майамидің орталығында уақытша баннерлер ілінді, ал жағажай жабдықтарында жарнама пайда болды.

Қазіргі келісім бастапқы жоспарлардан әлдеқайда қарапайым. Бұған дейін әуежай мен көлікті толықтай Вайс-Сити стилінде безендіру ұсынылған еді. Бұған округ шерифі мен округтік комиссияның бірқатар мүшесі қарсы шықты. Олардың бірінің пікірінше, ойын полицейлер мен жаяу жүргіншілерге қарсы зорлық-зомбылықты дәріптейді.

GTA VI 2026 жылғы 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S консольдеріне шығады, компьютер нұсқасы әлі жарияланған жоқ. Стандарт басылымның бағасы – 79,99 доллар (Ұлттық банк бағамы бойынша шамамен 36,6 мың теңге), кеңейтілген Ultimate Edition – 99,99 доллар. Цифрлық нұсқаға алдын ала тапсырыс бергендер ойынды 12 қарашадан бастап жүктей алады. Қазақстандықтар да алдын ала тапсырыс бере алады, бірақ PlayStation Store-да Қазақстанның жеке бөлімі жоқ.

Grand Theft Auto – тарихтағы ең көп сатылған ойын серияларының бірі. GTA VI – 2013 жылы GTA V шыққаннан бері 13 жыл ішіндегі алғашқы жаңа бөлім.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз