Қазақстандық еркін күрес балуаны Осимжан Дастанбек Астанадағы әлем чемпионатында 65 келіге дейінгі салмақта сынын жалғастырып, қола медаль үшін күреседі. Жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығын ол 29 қазанда алды: 1/8 финалда қазақстандықты жеңген армениялық Вазген Теванян турнирдің финалына шықты.
Біріккен күрес әлемінің (UWW) ережесі бойынша екі финалистке жеңілген балуандар жұбаныш турниріне түсіп, қола медальға таласа алады. Теванян жартылай финалда болгариялық Шамиль Мамедовты 2:1 есебімен жеңді. Дастанбек те армениялық балуанға 1/8 финалда дәл осындай аз айырмашылықпен — 1:2 есебімен жол берген.
30 қазандағы алғашқы жұбаныш белдесуінде қазақстандық балуан моңғол Зенеемедер Бямбасурэнмен кездеседі. Дастанбек чемпионатты украиналық Андрей Джелепті 3:1 есебімен жеңуден бастаған.
65 келіге дейінгі салмақ еркін күресте олимпиадалық салмақ саналады. Қыркүйекте Дастанбек Ереванда өткен «Степан Саргсян кубогында» осы салмақта күміс медаль жеңіп алған.
Турнир «Барыс Аренада» 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтіп жатыр. Сол күні әйелдер күресінде Алтын Шағаева жартылай финалда жеңіліп, ол да қола үшін белдесетін болды. Ал Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақта медаль үшін күресу мүмкіндігінен айырылды.



