28 қазандағы жағдай бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы Қазақстанда 21 981 жас маман жұмысқа орналасты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жыл соңына дейін бағдарламаға 25 мың адамды қамту жоспарланған.
Жас мамандардың ең көбі – 48 пайызы білім беру саласына жіберілді, тағы 35 пайызы денсаулық сақтауда жұмыс істейді. Практикаға көбіне мейіргерлер (2 013 адам), техник-бағдарламашылар (853), дене шынықтыру және спорт мұғалімдері (776), заңгерлер (742), шет тілі мұғалімдері (731), фельдшерлер (675), тәрбиешілер (607) және аспаздар (601) қабылданды.
Қатысушылардың 50,6 пайызы – жоғары оқу орындарының, 45 пайызы колледждердің түлектері. Олардың 67,6 пайызы – әйелдер.
Практикаға жасы 35-тен аспаған, соңғы бес жылда колледжді, жоғары оқу орнын немесе магистратураны бітірген және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ тіркелген жұмыссыздар қатыса алады. Меншік нысанына қарамастан жұмыс берушілер оларға уақытша жұмыс орындарын ашады, бұл үшін тұрақты бос орындарды пайдалануға болмайды. Практика 12 айға дейін созылады, жалақыны мемлекет субсидиялайды – айына 30 АЕК. Бұл сомаға салықтар, міндетті әлеуметтік аударымдар, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы және банк комиссиялары кіреді, ал экологиялық үстемеақылар енгізілмейді.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғылықты жердегі мансап орталығына өтініш беру керек.



