Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа форматтағы арнайы мектептер Қазақстанның 20 өңірінде салынады. Бұл туралы 29 қазанда Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты. Жаңа мектептерде барлығы 1 000 орын болады.
Сонымен қатар өңірлерде оңалту-сауықтыру кабинеттері бар ұйымдарда тағы 600 орын ашылады. Министрлік психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды (ПМПК) ашу нормативін де қайта қарауды жоспарлап отыр: оларды қазіргідей 50 мың балаға емес, 40 мың балаға шаққанда ашу көзделген.
Ведомство дерегінше, елде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Оларға 541 арнайы білім беру ұйымы қызмет көрсетеді.
Мұндай балалармен жұмыс істейтін мамандарды 17 педагогикалық жоғары оқу орны мен 9 колледж даярлайды. 2027 жылы колледждер 500-ден астам логопед шығаруды жоспарлап отыр. Қазір білім беру ұйымдарында балаларды жеке сүйемелдейтін 7,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Биылғы оқу жылынан бастап ассистенттерді алты колледж даярлай бастады, оқуға 210 студент қабылданды.
2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 99 арнайы мектептің кабинеттері мен шеберханалары жаңартылды. Министрлік қормен бірлескен жобалар жалғасатынын хабарлады.
Бұл жұмыс инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспары бойынша жүргізіледі. Министрлік оны Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларымен байланыстырады. Бұған дейін Астанада ата-аналарға баланы ПМПК қабылдауына онлайн жазу мүмкіндігі берілді.



