Астана тұрғындары баласын психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қабылдауына Astana.kz қалалық порталы арқылы жаздыра алады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады. Сервисті Astana Innovations компаниясы әзірлеген.
ПМПК баланың психофизикалық дамуына кешенді баға беріп, оған қандай білім беру бағдарламасы мен оқу нысаны қолайлы екенін анықтайды. Сервис іске қосылғанға дейін қабылдауға тек телефон арқылы немесе өзі барып жазылуға болатын.
Өтінім беру үшін Astana.kz сайтына ЭЦҚ, SMS-код немесе eGov арқылы кіріп, «Қалалық қызметтер» бөлімінен ПМПК қабылдауына жазылу қызметін табу керек. Қажетті құжаттар тізімі де сонда көрсетілген. Жүйе бос уақыты бар кестені көрсетеді, оны консультацияның өзі жасайды. Тізім бос болса, қазір бос орын жоқ деген сөз. Жаңа уақыт ашылған бойда порталда бірден пайда болады.
Өтінішке өтініш берушінің ЖСН-і, аты-жөні, туған күні мен телефон нөмірі, сондай-ақ бала туралы мәлімет — ЖСН-і, аты-жөні, туған күні, жынысы, оқыту тілі және баратын білім беру ұйымы енгізіледі. Өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Өтінімнің тіркеу нөмірі мен мәртебесін «Жеке кабинеттегі» «Қызметтер» — «Қызметтер тарихы» бөлімінен қадағалауға болады.



