Қазақстанда 17–27 қазан аралығында барлық өңірде өткен Republic Day және Bereke Fest республикалық акцияларының қорытындысы шықты. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жеңілдік ұсынған сауда нысандарының саны 649-ға жетті. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 30%-дан астам көп.
Republic Day акциясына 232 сауда орталығы мен сауда үйі, Bereke Fest акциясына сауда желілерінің 417 дүкені қатысты. Офлайн дүкендерде азық-түлік, киім, аяқ киім, тұрмыстық химия, техника және үйге арналған тауарлардың жекелеген түрлеріне жеңілдік 70%-ға дейін жетті. Kaspi.kz, Halyk Market, Forte Market, Technodom, Mechta, Wildberries және Ozon маркетплейстері бағаны 50%-ға дейін түсіріп, қосымша бонус ұсынды.
Өңірлердің дерегінше, акциялар кезінде дүкендерге келушілер мен қатысушылардың тауар айналымы жеңілдік басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда өсті. Шымкентте киім сатылымы 18%-ға, аяқ киім 16%-ға, балалар тағамы 30%-ға, жөргек 25%-ға артты. Қарағанды облысында кір жууға арналған гель 20%-ға, сұйық сабын 18%-ға көп сатылды.
Акцияларды министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 25 қазанда аталып өтетін Республика күніне орай ұйымдастырды. Алғашқы жеңілдіктер дүкендерде 17 қазанда пайда болып, негізгі кезең 21 қазанда басталды. Сатылым азық-түлік бағасы баяулаған тұста өтті: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік екінші ай қатарынан арзандап келеді.



