Мазмұнға өту

Discord ашық серверлердегі хабарламаларды іздеу жүйесіне шығарады

Қазақстанда хабарламаларды көрсету әдепкі бойынша қосулы, бірақ әр пайдаланушы оны баптаулардағы бір ауыстырғышпен өшіре алады.

Иллюстрация Discord к запуску веб-страниц открытых серверов
Фото: Discord

Discord жалпыға ашық серверлердегі хат алмасудың бір бөлігін іздеу жүйелеріне ашады. Желтоқсанның ортасынан бастап «табылатын» серверлердің, яғни әкімшілері Discord каталогына өздері қосқан серверлердің ашық арналарындағы хабарламалар веб-беттерде және интернеттегі іздеу нәтижелерінде шыға бастайды. Бұл туралы Discord компаниясы хабарлады. Қазақстандағы пайдаланушылар үшін бұл мүмкіндік әдепкі бойынша қосулы.

Өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі. 16 қарашада әр осындай сервердің жеке веб-беті пайда болады. Онда белсенді арналардағы талқылаулардың автоматты қысқаша мазмұны жариялануы мүмкін. Бұл мазмұн осы күннен кейінгі әңгімелер негізінде жасалады. Желтоқсанның ортасынан бастап хабарламалардың өзі де біртіндеп көрсетіле бастайды, сондықтан алғашқылары іздеу жүйесінде бірнеше аптадан кейін ғана шығуы мүмкін. Желтоқсанның ортасына дейін жіберілген хабарламалар жарияланбайды.

Компания жарияланған хабарламалар мен қысқаша мазмұнның жанында пайдаланушы аты мен аватары көрсетілмейтінін нақтылады. Жеке хабарламаларға, топтық чаттарға және жабық серверлерге өзгеріс қатысты емес. Хат алмасуы интернетке шығуы мүмкін арналар арнайы белгімен ерекшеленеді, сондықтан қатысушылар бұл туралы алдын ала біледі. Жасөспірімдер бағдарламаға қосылмайды: олар кәмелетке толғанша өз хабарламаларын көрсетуге рұқсат бере алмайды.

Ашық арналардағы хабарламаларды веб-беттерде жасыратын Discord баптауындағы ауыстырғыш
Фото: Discord

Бұдан қазірдің өзінде бас тартуға болады. Ол үшін «Пайдаланушы баптаулары» → «Деректер және құпиялылық» бөліміне кіріп, «Табылатын арналардағы хабарламаларымның мазмұнын веб-беттерде көрсету» параметрін өшіру керек. Бір ауыстырғыш барлық серверге бірдей әсер етеді. Ол тек болашақ хабарламаларды жасырады: баптау қосулы кезде жіберілгендер өшірілмейінше желіде қала береді. Талқылаулардың автоматты қысқаша мазмұнына бұл ауыстырғыш әсер етпейді.

Сервер әкімшілері «Сервер баптаулары» → «Интернеттегі көрініс» бөлімінде қай арналар қатысатынын таңдай алады немесе барлығын өшіре алады. Ештеңе өзгертілмесе, ашық арналар қосулы күйінде қалады.

Хабарламаларды көрсету әдепкі бойынша тек Еуроодақ елдерінде, Ұлыбританияда, Канадада, Бразилияда, Аустралияда және Оңтүстік Кореяда өшірулі. Компания бұған сол елдердің заң талаптарын себеп етіп отыр. Басқа елдерде, соның ішінде Қазақстанда, пайдаланушы өзі өшірмейінше бұл мүмкіндік жұмыс істейді.

Discord дерегінше, қазір «табылатын» серверлердің саны 63 мыңнан асады. Компания жаңалықты пайдалы жауаптар мен кеңестердің хат алмасу ішінде жоғалып, оларды табу қиын болатынымен түсіндіреді. Пайдаланушылардың бір бөлігі бұл шешімді сынға алды. Олардың пікірінше, ашық серверге хабарлама жазу оны іздеу жүйесі арқылы табуға келісім беру деген сөз емес.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз