Қазақстандық балуан Нилуфар Раимова Астанадағы әлем чемпионатында медальсыз қалды. 28 қазанда 57 келіге дейінгі салмақта өткен қола медаль үшін белдесуде ол америкалық Хелен Маролиске 2:5 есебімен жеңілді.
Маролис — әйелдер күресіндегі ең көп атақ жинаған спортшылардың бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро олимпиадасында жеңіске жетті, Токио мен Париж ойындарында қола алды, әлем чемпионы атағын төрт рет жеңіп алды. Соңғысы — 2025 жылы Загребте. Астанада америкалық балуан алғашқы айналымда канадалық Миа Фризенді мерзімінен бұрын 11:0 есебімен ұтты, ширек финалда жапониялық Сена Нагамотоға 2:4 есебімен есе жіберді. Кейін жұбаныш турнирінде эквадорлық Луиса Вальвердені жеңіп, қола үшін белдесуге жолдама алды.
Раимова турнирді ресейлік Анастасия Яндушкинаны жеңуден бастады. Ширек финалда украиналық Александра Хоменецті ұтты, ал жартылай финалда сол Нагамотоға мерзімінен бұрын жеңілді. Біріккен күрес әлемі (UWW) ережесі бойынша әр салмақта екі қола медаль беріледі: жартылай финалда жеңілгендер жұбаныш турнирінің жеңімпаздарымен белдеседі.
Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионаты Астанада 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының есебінде төрт қола медаль бар. Оларды Бағдат Сабаз, Исхар Құрбаев, Айдос Сұлтанғали және сол күні 50 келіге дейінгі салмақта үшінші орын алған Зейнеп Баянова жеңіп алды.
Раимова 24 жаста. Ол 2021 жылы 57 келіге дейінгі салмақта жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті, ал 2023 жылы тағы да Астанада өткен Азия чемпионатында қола алды. Үй алаңындағы чемпионатта медаль алуға тағы бір қазақстандық балуанның мүмкіндігі бар: 29 қазанда Ирина Кузнецова жұбаныш турнирінде белдеседі.



