Ресей әскері 29 қазанда таңертеңнен бері Украинаның оңтүстік-шығысындағы, майдан шебіне жақын орналасқан облыс орталығы Запорожьені атқылап жатыр. Қалаға екі рет зымыран соққысы жасалды, ал басқыншылардың FPV-дрондары күні бойы көшедегі автобустарға, маршруттық таксилерге, троллейбустар мен жеңіл көліктерге шабуыл жасауда. Запорожье облыстық қорғаныс кеңесінің тең төрағасы Иван Федоровтың дерегінше, Киев уақытымен 15:30-ға (Астана уақытымен 18:30-ға) қарай 14 адам жараланған, олардың арасында 14 жасар жасөспірім бар. Қаланың түрлі аудандарында тек азаматтық көлікке жеті рет соққы берілген.
FPV-дрон — операторы камера арқылы нақты уақытта басқаратын шағын ұшқышсыз аппарат. Оператор нысананы дронның «көзімен» көреді. Сондықтан автобусқа немесе көлікке тиген әр соққы кездейсоқ емес, нақты адамдарға әдейі жасалған шабуыл болып саналады.
Таңертең Запорожье облыстық әскери әкімшілігі FPV-дрон коммуналдық автобусқа тигенін хабарлады: бір әйел мен бір ер адам жараланды. Киев уақытымен шамамен 12:30-да (Астана уақытымен 15:30-да) дрон қала орталығындағы маршруттық таксиге соққы берді, бір адам зардап шекті. Киев уақытымен 14:50-де (Астана уақытымен 17:50-де) облыстық әкімшілік коммуналдық троллейбусқа шабуыл жасалғанын хабарлады: бір әйел жараланды, оның жағдайы ауыр. Бір күн бұрын кешке Ресей дроны тағы бір қалалық автобусқа шабуыл жасамақ болған, бірақ дронға қарсы торға шырмалып, автобусқа жетпей жарылды. Жолаушылар зардап шеккен жоқ.

Облыстық әкімшілік троллейбусқа жасалған шабуылдың салдарын көрсететін видео жариялады.
«Запорожье Ресейдің толассыз шабуылында тұр», — деп жазды Федоров. Екі зымыранның нақты қай жерге құлағанын билік нақтыламады.
Сол күні Запорожье облысындағы Беленькое ауылында Ресейдің атқылауынан 49 жастағы ер адам қаза тапты. Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігі басшысының міндетін уақытша атқарушы Михаил Семикин хабарлады. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Тағы үш тұрғын — 51, 74 және 75 жастағы ер адамдар жараланып, ауруханаға жеткізілді.
Ресей дрондарының азаматтық көлікті аңдуы — бейбіт тұрғындарға қарсы әдейі жүргізіліп отырған лаңкестік тәсіл әрі әскери қылмыс. Запорожьеде бұл бірнеше айдан бері жалғасып келеді: қала майданға жақын, сондықтан шағын шабуылдаушы дрондар оның көшелеріне дейін жетеді. Адамдарды қорғау үшін жолдардың үстіне арнайы тор тартылады: Укринформ хабарлағандай, Запорожьеде 370 мың шаршы метрден астам дронға қарсы тор орнатылған.
Сол күні Ресейдің реактивті дроны Днепр — Запорожье электр пойызы тұрған Днепр вокзалының перронына соққы беріп, 14 адамның өмірін қиды.



