Алматыда көпбейінді аурухана мен 250 төсектік тәулік бойғы онкология орталығын, сондай-ақ ауысымына 350 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталықты біріктіретін медициналық кешеннің құрылысы басталды. Болашақ ғимараттың іргетасына 30 қазанда капсула салынды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Құрылысты 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Тәулік бойғы стационардан бөлек, кешенде химиотерапияға арналған 80 орындық күндізгі стационар, консультациялық-диагностикалық емхана, сәулелік терапия және химиотерапия бөлімшелері болады. Хирургиялық блокта роботтандырылған операциялар жасауға мүмкіндік қарастырылған, онда реанимация, эндоскопия және трансфузиология орталықтары орналасады.
Сонымен қатар мұнда клиникалық-диагностикалық, молекулалық-генетикалық және патоморфология зертханалары, цифрлық медициналық мұрағат, ахуалдық орталық және ісікке қарсы дәрілерді автоматты түрде дайындайтын аурухана дәріханасы ашылады. Министрлік хабарламасында жобаның құны мен мердігері аталмаған.
Рәсімге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.
Алматыда шамамен 2,4 млн адам тұрады, онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте 38 мыңнан астам пациент тұр. Қала онкологтары жыл сайын 3,5 мыңнан астам операция жасайды, оның 70%-дан астамы аз инвазивті әдіспен жүргізіледі.



