Қазақстанның Конституциялық Соты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның тұрғын үйді меншікке сатып алуға берілетін төлемдерді бір рет қана пайдалануға мүмкіндік беретін нормасынан конституциялық құқықтардың бұзылуын таппады. Бұл туралы Конституциялық Сот 30 қазанда хабарлады. Шешім қызметтік тұрғын үйдің орнына бюджеттен төлем алатын қызметкерлерге қатысты.
Сотқа құқық қорғау органының қызметкері жүгінген. Ол бір бөлмелі пәтерді ипотекамен әрі тұрғын үй төлемдерінің есебінен сатып алған. Несиені толық өтеген соң жаңа ипотекамен екі бөлмелі пәтер алу үшін төлемді қайта тағайындатпақ болған, бірақ одан бас тартылған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл бас тартуды заңды деп таныған.
Өтініш беруші төлемді қайта пайдалануға тыйым салу Конституциядағы тұрғын үйге құқықты және заң мен сот алдындағы теңдік қағидатын бұзады деп санаған.
Конституциялық Сот бұл уәжбен келіспеді. Мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайды, ал қолдау тәртібін заң елдің экономикалық және қаржылық мүмкіндігін ескеріп белгілейді. Тұрғын үй төлемдері бюджеттен қызметтік тұрғын үйдің орнына беріледі. Оны тұрғын үйді меншікке сатып алуға жұмсауға болады, бірақ заң бұл құқықты бір рет қана береді.
Өтініш берушіге төлем ипотека өтелген соң уақытша тоқтатылмай, біржола тоқтатылған. Заң сол елді мекенде басқа тұрғын үй сатып алу үшін төлемді қайта бастауды көздемейді. Соттың бағалауынша, мұндай шарттар мен шектеудің өзі конституциялық құқықтарды бұзбайды.
Дегенмен қызметкер тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығынан толық айырылмайды. Ол отбасы құрамына қарай қызметтік тұрғын үй ала алады, ал қызметі басқа өңірге ауысса, тұрғын үй жалдауға төлем алуға құқылы.
Сот Заңның 101-1-бабының 10-тармағын өтініш берілген кездегі редакциясында тексерді. Жаңа редакцияда бұл норма осы баптың 7-тармағында бекітілген.
Тұрғын үй төлемдерін әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері алады.



