Мазмұнға өту

Ресей Днепрдегі 350 мыңнан астам абонентті жарықсыз қалдырды

29 қазан кеші Ресей әскері Украинаның шығысындағы ірі қаланың магистральдық электр желілерін зақымдады, ал одан сәл бұрын дрон кәсіптік училище жатақханасына тиіп, екі қыз жараланды.

Спасатели на платформе железнодорожного вокзала Днепра после удара российского дрона 29 октября 2026 года
Фото: ГСЧС Украины

29 қазан кеші Ресей әскері Украинаның шығысындағы ең ірі қалалардың бірі Днепрге тағы соққы беріп, магистральдық электр желілерін зақымдады. Днепропетров облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжаның алдын ала мәліметінше, қала мен маңындағы елді мекендерде 350 мыңнан астам абонент жарықсыз қалды. Абонент дегеніміз – электр қуатына жеке шарты бар пәтер, жеке үй не кәсіпорын. Демек, жүздеген мың адам жарықсыз отыр.

Киев уақытымен шамамен 22:50-де (Астана уақытымен 30 қазан, 01:50-де) ДТЭК энергетикалық компаниясы Ресей шабуылы кезінде магистральдық электр желілерінің жабдығы зақымданғанын хабарлады. Днепр өзенінің оң және сол жағалауындағы аудандардың бір бөлігінде, сондай-ақ облыстың көршілес аудандарында жарық сөнді. Энергетиктер жөндеу жұмысын бастады, бірақ жарықтың қашан қайта берілетінін айтпады.

Киев уақытымен түн ортасына қарай (Астана уақытымен 03:00-де) Александр Ганжа өшірулердің ауқымын атады. Оның айтуынша, жау күні бойы Днепрге бірнеше рет шабуыл жасаған. Қала сусыз қалмауы үшін сумен жабдықтау және кәріз сорғы стансалары генератордан қуат алатын резервтік жүйеге көшірілді. Күндізгі алғашқы соққылардан кейін-ақ Днепр мен аудандағы 25 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалған еді. Киев уақытымен 06:00-ге дейін облыс әкімшілігі жарықтың қайта берілгені туралы хабарлаған жоқ.

Кешке қарай Ресей дроны Днепрдегі кәсіптік-техникалық училищенің жатақханасына да тиді. Ғимаратта өрт шығып, екі қыз жараланды. Украина Білім және ғылым министрі Андрей Бутенко министрлік, училище басшылығы және облыс әкімшілігі келтірілген залалды бағалап жатқанын айтып, оқиға орнында жұмыс істеген ТЖМҚ құтқарушыларына алғыс білдірді.

Қыс алдында жүздеген мың адамның жарығы, суы мен жылуы тәуелді энергия жүйесіне соққы беру – Ресейдің Украинаның бейбіт халқына қарсы лаңкестік науқанының бір бөлігі. Халықаралық құқық адамдардың өмір сүруіне қажетті азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасауды әскери қылмыс деп санайды.

29 қазан Днепр үшін күздегі ең ауыр күндердің біріне айналды. Киев уақытымен шамамен 11:00-де реактивті дрон Днепр – Запорожье қала маңы пойызы тұрған вокзал перронына құлап, 14 адам қаза тапты, шамамен сонша адам жараланды. Днепрде 30 қазан аза тұту күні болып жарияланды. ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кая Каллас вокзалға жасалған соққы Ресейдің бейбітшілікке ұмтылмайтынын көрсетеді деп мәлімдеді. Облыс әкімшілігінің дерегінше, бір тәулікте Ресей Днепропетров облысына 40-қа жуық рет шабуыл жасаған. Сол күні Ресей соққылары Чернигов пен Кременчугта бес адамның өмірін қиды, олардың арасында 15 жастағы екі оқушы қыз бар.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз