Ресей әскері 29 қазанда түс кезінде Украинаның екі қаласына – Чернигов пен Кременчугқа бір мезгілде дерлік соққы берді. Елдің солтүстігінде, Беларусь және Ресей шекараларына жақын орналасқан облыс орталығы Черниговтың қақ ортасында 15 жастағы екі қыз қаза тауып, 23 адам жараланды, олардың төртеуі – бала. Елдің орталығындағы Полтава облысына қарасты, Днепр жағасындағы өнеркәсіп қаласы Кременчугта Ресей дроны көпқабатты тұрғын үйге тиді: үш адам қаза тауып, ондаған адам, оның ішінде балалар зардап шекті. Соққылар Киев уақытымен шамамен сағат 12:00-де (Астана уақытымен 15:00-де), жұрт жұмыс пен күнделікті шаруасымен жүрген кезде жасалды.
Чернигов қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Дмитрий Брижинскийдің мәліметінше, дрон қаланың орталық бөлігіне құлады. Дүкендер мен тұрақта тұрған көліктер өртеніп, кәсіпорындар мен тұрғын үйлер зақымдалды. Чернигов облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Вячеслав Чаус соққы 15 жастағы екі қыздың өмірін қиғанын хабарлап, қаруды «Бандероль» деп атады. Украинада бұл атаумен «Шахедтен» әлдеқайда жылдам ұшатын ресейлік реактивті шабуылдаушы оқ-дәріні айтады. Брижинский бұл соққыны қала орталығына жасалған кезекті арсыз шабуыл деп атады: оның сөзінше, жұмысқа бара жатқан, күнделікті тіршілігімен жүрген қарапайым бейбіт тұрғындар соққы астында қалды.

Черниговта жараланғандар саны күні бойы өсті. Алдымен билік екі зардап шегуші бар десе, кейін төрт адам деді, Киев уақытымен 12:33-те олардың саны 11-ге жетті, оның екеуі кәмелетке толмаған. Украина Ұлттық полициясының Киев уақытымен 13:30-дағы (Астана уақытымен 16:30-дағы) дерегіне қарағанда, 23 адам жараланған, олардың төртеуі – бала: 10 айлық қыз бала мен 10, 16 және 17 жастағы жасөспірімдер. Он бір адам қалалық ауруханаларға жеткізілді, қалғандарына көмек орнында көрсетілді. Қаза тапқан қыздардың есімін билік атаған жоқ.
Полтава облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Дьякивничтің айтуынша, Кременчугта Ресей дроны көппәтерлі тұрғын үйге соққы берді. Ол алдымен екі адамның қаза тауып, алты жасар баланың жараланғанын хабарлады, ал Киев уақытымен 13:53-те қаза тапқандар саны үшеуге жетті. Украина ТЖМҚ-ның Полтава облысындағы бөлімшесі Киев уақытымен 14:20-да медициналық көмекке 19 адам жүгінгенін, олардың бесеуі бала екенін, 11 адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Өрт сөндірушілер жанып жатқан төрт көлік пен шаруашылық құрылысын сөндірді, төрт көпқабатты үйдің терезелері қиратылды. Кременчугтағы «Телеграф» басылымы Дьякивничке сілтеме жасап хабарлағандай, кешке қарай зардап шеккендер саны 28-ге жетті. Бір адамның жағдайы ауыр, 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы орташа.

Кременчугтың жекеменшік үйлер ауданы да зардап шекті, мектеп-интернат ғимараты зақымдалды – ондағы балаларды баспанаға уақытында түсіріп үлгерген. Оқиға орнында құтқарушылар, коммуналдық қызметкерлер мен еріктілер жұмыс істеп жатыр: олар тұрғындарға сынған терезелер мен зақымдалған төбелерді жабуға көмектесуде.
Күндіз тұрғын аудандар мен қала көшелеріне соққы беру – бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік шабуыл әрі әскери қылмыс: халықаралық гуманитарлық құқық бейбіт халық пен азаматтық нысандарға шабуыл жасауға тыйым салады.
Бұл күні Ресей тек Чернигов пен Полтава облыстарын ғана атқылаған жоқ. Сол 29 қазанда таңертең Ресейдің реактивті дроны қала маңына қатынайтын электр пойызы тұрған перронға құлап, Днепр вокзалында 14 адамның өмірін қиды. Украина БАҚ бұл күнді «қаралы бейсенбі» деп атады: бірнеше сағаттың ішінде Ресейдің Днепр, Кременчуг және Чернигов қалаларына жасаған соққылары 19 адамның өмірін қиды. Полтава облысындағы ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі Кременчугқа Ресей үнемі соққы береді: 21 қазанға қараған түні соққы ұлттық университет ғимаратын қиратып, қалалық Мәдениет сарайын зақымдады. Чернигов 2022 жылы Ресей әскерінің қоршауында болған, ал қазір көрші Ресейдің Брянск және Курск облыстарынан ұшырылатын дрондардың соққысына жиі ұшырайды.



