Мазмұнға өту

Өскемендегі жол өткелін келесі аптада ашу жоспарланып отыр

Құны 36 млрд теңге болатын жолайрықтың қалған учаскелері сәуірдің соңына дейін асфальт төсеуге дайын болуы тиіс.

Строительство развязки на пересечении проспекта Сатпаева и улицы Жибек жолы в Усть-Каменогорске

Өскеменде Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жаңа жолайрықтың жоғарғы жол өткелімен көлік қозғалысын келесі аптада ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі хабарлады. Мерзім Еуропадан келетін қосымша материалдарға байланысты: оларды жақын күндері жеткізу күтілуде.

Жолайрық кезең-кезеңімен іске қосылады. Алдымен Сәтбаев даңғылы бойындағы жол өткелі ашылады, одан кейін құрылысшылар Есенберлин даңғылы жағына ауысады. Қалған учаскелер сәуірдің соңына дейін асфальт төсеуге дайын болуы керек. Бұл мерзімді облысқа жұмыс сапарымен келіп, нысанды аралаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев белгіледі.

Құрылыс көлік қозғалысын тоқтатпай жүріп жатыр. Сондықтан Нәлібаевтың айтуынша, нысанды ішінара ашуға жұмыстар жүргізушілерге қауіп төндірмесе және кедергі келтірмесе ғана болады. Ол сапаны қатаң бақылауды да тапсырды.

Жобаның құны – 36 млрд теңге, биыл оған 16 млрд теңге бөлінді. Құрылысты бекітілген смета шегінде аяқтау керек.

Жолайрық екі деңгейлі болады. Жоғарғы деңгеймен көліктер Сәтбаев даңғылы бойымен бағдаршамсыз өтеді, ал төменгі деңгейдегі айналма жол бес бағытты байланыстырады. Жібек жолы көшесі алты жолаққа дейін кеңейіп, Есенберлин даңғылы жағынан қосымша кіреберіс салынады. Есеп бойынша, қиылыстың өткізу қабілеті тәулігіне 85 мың көліктен 200 мыңнан астам көлікке дейін артады.

Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысы – қаладағы ең көп жүктелген жерлердің бірі. Ертіс көпірі маңындағы жолайрықтар Өскемен жолдарындағы кептелісті азайту жоспарына кіреді. Қыркүйекте құрылысқа байланысты жылу желісін жолайрық астынан тартылған жаңа құбырға қосқан кезде қаланың сол жағалауы бес күнге жуық ыстық сусыз қалған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз