«Барселона» «Спотифай Камп Ноу» стадионын қайта жаңарту жұмыстарын бітіру үшін 300 млн еуроға (шамамен 148 млрд теңге) облигация шығарып болды. Бұл туралы 13 қарашада клуб хабарлады. Шығарылымға Испанияның Бағалы қағаздар нарығы жөніндегі ұлттық комиссиясы (CNMV) рұқсат берді, ал жалғыз орналастыру агенті Goldman Sachs банкі болды.
Клубтың айтуынша, бұл қаржы Espai Barça жобасының негізгі бөлігі саналатын стадионды қайта құруды ілгерілетуге мүмкіндік береді. Арена Еуропадағы ең сыйымды футбол стадионына айналып, онда премиум-ложалар мен қонақтарға арналған кең аймақ пайда болады. EFE агенттігінің мәліметінше, жұмыс 2028 жылдың бірінші жартысында толық аяқталғанда стадион 104 мыңнан астам көрерменді сыйғызады. Оның шамамен 9,5 мың орны екінші және үшінші трибуналар арасындағы VIP-ложаларда болады.
Бұл 300 млн еуро — 19 қыркүйекте клуб өкілдерінің жиналысы мақұлдаған 510 млн еуролық (шамамен 251 млрд теңге) пакеттің бір бөлігі. Құрылысқа бөлінетін қаржыны 562 өкіл (89%) қолдап, 45 өкіл қарсы дауыс берді. Қалған 210 млн еуро жұмыстың кешігуінен туған қаржылық шығынды жабуға арналған: клуб бұл соманы медиа құқықтарымен қамтамасыз етілген облигацияларды 105 млн еуродан екі рет шығару арқылы тартып қойды. 2023 жылы Espai Barça жобасының бүкіл құны 1,45 млрд еуро деп бағаланған еді.
«Барселона» «Камп Ноуға» 2025 жылдың қарашасында оралды, бірақ әзірге онда толық сыйымдылықпен ойнамай отыр. Жуырда клуб стадионда жанкүйерлерге арналған мемориал мен колумбарий салынып жатқанын көрсетті.



