«Барселона» жаңартылған «Спотифай Камп Ноуда» мемориал салып жатыр: онда жанкүйерлер жақындарының күлін колумбарийге қоя алады немесе еске алу тақтайшасын орната алады. Жобаны клуб таныстырды: аумағы 1500 шаршы метр мемориал алаңнан бірнеше метр жерде орналасады, тәулік бойы ашық тұрады және оған көшеден жеке кіреберіс жасалады. Жұмыс басталып кетті, «Барселона» жобаны Més Que Un Memorial компаниясымен бірге жүзеге асырып жатыр.
Екі нұсқа да әлемнің кез келген түкпіріндегі жанкүйерлерге қолжетімді, клуб мүшесі болу міндетті емес. Ұяшықты немесе тақтайшаны 10, 25 не 50 жылға алып, орнын өзі таңдауға болады, ал урна тұрған әр ұяшықта адамның есімі жазылады. The Guardian басылымының жазуынша, колумбарийде барлығы 26 мың ұяшық болады. Басылым келтірген бағалар:
- 10 жыл — 2490 еуро (шамамен 1,2 млн теңге);
- 50 жыл — 6000 еуро (шамамен 3 млн теңге);
- мәңгілікке — 10 000 еуро (шамамен 5 млн теңге);
- еске алу тақтайшасы — 490 еуро (шамамен 243 мың теңге).
Оған қоса қызмет көрсету үшін жыл сайын 70 еуро (шамамен 35 мың теңге) төлеу керек. Клубтың мәліметінше, мыңнан астам жанкүйер орын брондап қойған.
«Барселонаның» вице-президенті Элена Форт The Guardian басылымына бұл идеяның өзіне жеке жақын екенін айтты. «Көп жыл бұрын атам қайтыс болғанда, ол жалғыз қалайтыны — «Барсаның» алаңының жанына жерлену екенін айтқан», — деді ол. Форттың сөзінше, атасы о дүниеде де гол соғылғанын естігісі келген. «Көптеген жанкүйерлер де осыны армандайды», — деп қосты вице-президент.
«Камп Ноудағы» мемориал он жылдан астам уақыт бойы талқыланып келеді. Crónica Global жазғандай, Барселона мэриясы бұған дейін екі рет — 2013 және 2016 жылдары, Сандро Росель мен Жозеп Мария Бартомеу президент болған кезде — қабылдамаған жобаны мақұлдады. Идеяға Жоан Лапорта қайта оралды. Стадионды қайта жаңарту жалғасып жатыр: оның сыйымдылығы 105 мыңға жуық көрерменге дейін артады, ал The Guardian мәліметінше, жұмыс құны 2 млрд еуроға (шамамен 1 трлн теңге) жақындап қалды.



