АҚШ, Қытай және Ресей көшбасшылары алғаш рет үшжақты кездесу өткізеді. Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин 18–19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін АТЭЫ саммиті аясында бас қосады. Бұл туралы Ақ үй баспасөз хатшысының көмекшісі мәлімдеді, деп хабарлайды Al Jazeera.
Басты тақырып — ядролық қару. Ақпанда АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналын шектеп келген соңғы келісім — СНВ-3 шартының мерзімі аяқталды. Осылайша ең ірі арсеналы бар екі елде 50 жылдан астам уақытта алғаш рет ешқандай шектеу қалмады. Трамп Мәскеудің шартты тағы бір жылға ұзарту туралы ұсынысынан бас тартып, Қытай да қатысатын «жаңа, жетілдірілген әрі заманауи» келісім жасауды талап етіп отыр. Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының (SIPRI) деректері бойынша, ядролық оқтұмсық ең көп Ресейде, одан кейін АҚШ пен Қытай тұр. Тағы бір тақырып — Иранмен соғыс. Америкалық шенеуніктің айтуынша, Трамп бұл кездесуде Украинадағы соғысты көтермек емес.
Вашингтон тез нәтиже күтпейді. «Біз қандай да бір келісімге қол жеткіземіз деп күтпейміз», — деді Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі Reuters агенттігіне. Ол кездесуді әңгіменің басы деп атады. Бейжің бұған дейін үш ел қатысатын ядролық қару жөніндегі келіссөздерден бой тартып келді. ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин қараша басында Бейжің үш көшбасшының кездесуіне қатысты «тиісті тараптармен» байланыста екенін ғана айтқан.
Кремль кездесуді «аса маңызды» деп бағалады. Алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков оны КСРО, АҚШ және Ұлыбритания көшбасшылары соғыстан кейінгі әлемдік тәртіпті айқындаған 1945 жылғы Ялта конференциясымен салыстыруға қарсы шықты: оның сөзінше, Шэньчжэньдегі уағдаластықтарды басқа елдерге таңуға болмайды. Украина президенті Владимир Зеленский бұл кездесу Киевті айналып өтіп, Украина жөнінде мәміле жасайтын алаңға айналуы мүмкін деп алаңдайды.
Трамппен бірге Қытайға Илон Маск та барады, бірақ көшбасшылар кездесуіне қатыспайды. Азия сапары кезінде Трамптың КХДР басшысы Ким Чен Ынмен кездесуі жоспарланбаған.
Үш көшбасшының кездесуі туралы әңгіме қыркүйекте-ақ басталған, ал осы аптада Ресей СІМ Шэньчжэньдегі кездесуге дайындықты растады. АТЭЫ саммиті үшін Қытайға Жапония премьері Санаэ Такаити да алғаш рет барады. Ресей мен Қытай — Қазақстанның көршілері әрі ірі сауда серіктестері, ал республиканың өзі 1990 жылдары КСРО-дан қалған ядролық арсеналдан бас тартқан.



