Илон Маск Tesla Cybercab үшін айына $299 (шамамен 133 мың теңге) тұратын міндетті жазылымның тым қымбат екенін мойындады. Оның сөзінше, бұл жазылым Tesla-ның басқа модельдеріндегі FSD мен байланыс құнымен бірдей, яғни айына шамамен $115 (51 мың теңгедей) болуы керек. Tesla басшысы бұл туралы 14 қарашада Астана уақытымен сағат 11:38-де MKBHD деген атпен танымал блогер Маркес Браунлиге жауап ретінде X желісінде жазды.
Маск сондай-ақ Tesla реттеушілердің рұқсатын алған сайын Cybercab-ты жеке пайдалану үшін бүкіл елде сатып алуға болатынын уәде етті. Оның жазбасы толық күйінде: «Біз реттеушілердің мақұлдауын алған сайын, ол бүкіл елде қолжетімді болады. Бірақ ай сайынғы төлем тым жоғары. Ол басқа модельдердегі Tesla FSD мен байланыстың құнына сәйкес келуі керек, бұл шамамен айына 115 доллар». Жазылым қашан арзандайтынын Маск нақтыламады.
Маск бұл жазбасында Браунлидің Cybercab тапсырыс беті туралы жарияланымына жауап береді.
Браунли жаңа тапсырыстың шектеулерін тізіп шықты. «Cybercab тапсырыс беті іске қосылды. Тек шақыру бойынша. Көлікті Техастың осы қалаларының бірінде қабылдап алу керек. Тек бұрыннан бар геоаймақтарда жұмыс істейді. Жұмыс істеуі үшін айына 300 долларлық жазылым қажет. Бір сатып алушыға бір көлік. «Болжамды жеткізу» — желтоқсан», — деп жазды блогер X желісінде.
Tesla 14 қарашаға қараған түні таңдаулы сатып алушылар үшін Cybercab-қа тапсырыс қабылдай бастады. Рөлі мен педальдары жоқ көліктің бағасы — $29 990 (шамамен 13,3 млн теңге). Тапсырыс үшін $1000 (шамамен 444 мың теңге) қайтарылмайтын депозит алынады, ал алғашқы көліктерді компания желтоқсанда Остинде табыстауға уәде етіп отыр. Reuters хабарлауынша, компанияның жасанды интеллект бөлімінің басшысы Ашок Эллусвами Cybercab жүргізушінің бақылауынсыз Tesla робот-таксиі жұмыс істейтін аймақтарда жүретінін айтқан.
Масктың блогерге берген жауабының өз тарихы бар. 2024 жылғы қазанда Cybercab таныстырылғаннан кейін Браунли Tesla 2027 жылға дейін Cybercab-ты сатып алушыға $30 000 немесе одан арзан бағаға сатса, камера алдында шашын қырып тастайтынын айтқан. 2026 жылғы ақпанда дәл осылай бола ма деген сұраққа Маск X желісінде: «Иә», — деп жауап берді. Сол айда Tesla Техастағы зауытында алғашқы сериялық Cybercab-ты шығарды.



