Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуіндегі алғашқы ойынында Австрияны ойсырата жеңді. Бірінші іріктеу кезеңінің 14-тобындағы кездесу 14 қарашада Грузияның Құтайси қаласында өтіп, 7:0 есебімен аяқталды. Бұл туралы Sports.kz хабарлайды.
Қазақстандықтар ойын тағдырын үзіліске дейін-ақ шешті. 19-минутта есепті Роман Черноморец ашты, ал Ануар Толенды 21 және 24-минуттарда үш минуттың ішінде екі гол соқты. Бірінші таймның соңғы минутында испаниялық «Вильярреал» академиясында ойнайтын Салим Хасанов есепті 4:0-ге жеткізді. Үзілістен кейін Ислам Рашидов, дубль жасаған Черноморец және 78-минутта Ибрахим Асан қақпаны дәл көздеді.
Русланжан Раимбакиевтің шәкірттері топтағы екінші әрі соңғы ойынын 17 қарашада мини-турнир иесі Грузия құрамасымен өткізеді. UEFA-ның жаңартылған форматы бойынша топтағы үздік екі команда 2027 жылдың көктемінде A лигасына шығып, Латвиядағы финалдық турнирге жолдама үшін таласады. Үшінші орын алған команда күресті B лигасының екінші кезеңінде жалғастырады.
Грузиядағы іріктеуге Раимбакиев 29 футболшы алды, олардың жартысына жуығы — «Қайрат» тәрбиеленушілері. Қазан айында Шымкенттегі жиында команда Өзбекстанды пенальти сериясында жеңіп, ол ойында Толенды хет-трик жасады, ал Ресей құрамасын Рашидовтың голымен 2:1 есебімен ұтты.



